Омар төре

548

Ұшса қыранның қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан-ғайыр қазақ даласы қашанда ұлтымыз тарихының ұлы айғағы. Ежелден ақындар мен батырлар мекені саналған Жетісу жері небір ел бастаған ерендермен, би, әулие шешендердің кіндік қаны тамған киелі өлке. Бүгінде қатпары қазынаға толы қарт атыраптың тауы мен даласы, өзені мен көлі, әрбір жырасы мен жылғасы өткеннен өнегелі сыр шертеді.

Атамыз қазақ хандық құрып ел іргесін бекемдегеннен-ақ көз алартып қарыс жеріне қадам басқан жауына бір тал шөбін таптатпаған. Ғасырлар бойы қызын күң, ұлын құл болудан қорғап еркін ел құру жолында жан аямай шайқасып өтті. Ат құлағында ойнап, орақ тілді қайраты мен қаруын қатар сілтеп жауды да, бітпес дауды да жеңе білген. Заманында үш жүздің басын қосып билік еткен хан Абылай қапыда жоңғар басқыншыларының қолына түсіп қалған бір сәтте елшілікке барған Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: — «Біз, қазақ, мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз» — деп тақпақтай сөйлеп, тайсалмай талап қойған екен. Сонда қазақ биіне разы болып сөзге тоқтаған қалмақ басшысы Қалдан серен хан басына азаттық берген деседі. Бүкіл ғұмырын адалдықпен халқының елдігі мен егемендігі жолындағы күрестерге арнаған Абылай ханның азан шақырып қойған есімі – Әбілмансұр. 1711 жылы дүниеге келген ол ел басына күн туған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары 12 жасында жоңғар шапқыншыларына қарсы жорыққа аттанады. Сан сайыста ерен ерлігімен көзге түскен бала Абылай 22 жасында батыр қолбасшы атанып үлгерген. Халық айтса қалт айтпайды. Даналығы мен даралығына тәнті болған күллі қазақ ақ сүйек төре баласын ақ киізге отырғызып хан сайлаған. Міне, содан бері арада қаншама ғасыр қара үзсе де бектік қонған киелі әулеттен тараған текті ұрпақ сабақтастығы еш үзілген емес. Оған әр дәуір сайын ел мен жердің тыныштығын сақтап, тұтастығын қорғау жолында өзін арнаған ақ сүйек төре ұрпақтарының өзі куә. Жол түсіп жер жаннаты Жетісуға ат басын тіреген жанға ағынды Ақсу жеріндегі Баласаз, Маңдайшоқы маңынан көне күмбез кездеседі. Ғасырдың сырын ғасырға жалғап тұрған ескі мазар Көшектің кіндігінен тараған Омар төренің зираты екенін біреу білсе, біреу білмес. Шамамен 1811 жылы өмірге келген Омар Серғазыұлы түйенің екі өркешіндей қос ағайынды. Інісі Алқан да  ана сүтімен берілген асыл қасиеттерден құр алақан емес. Қайратына қаруы сай елін жаудан қорғаған бақадүр батырлардың бірі. Ал, Омар жер қайысқан жылқысы суатқа түскенде Бүйен өзенінің суы тартылған ауқатты бай, байлығын мұқтаждардан еш аямаған атымтай жомарт, парасаттылығымен ел билеген Аталық-матайдың сұлтаны болған абыройлы адам деседі. Қазыналы қарттардың айтуынша, бұл мазарды Омар марқұм көзінің тірісінде сандық толы алтынға Самарқаннан қас шебер алдырып өзі салдырған. Қыруар жылқының жал-құйрығы, ешкінің майымен қылшығы қосылған сары балшықты бір үйір жылқыға кештіріп, иленген. Осы барыста зорығып  құлаған аттар бірден сойылып ауыл адамдарына үлестіріліп отырған. Зираттың басына айналмалы алтын күмбез орнатылып, бірнеше бөлмеден тұратын мазар ішіне үлкен алтын самаурын қойылған. Бір ғажабы, ақшам жамырай жел тимейтін бітеу зираттың ішіндегі самаурыннан әуезді әуен естіліп, таң ата сырлы саз тоқтайды екен. Бүгінде құнды жәдігері қолды болған көне қорғанның құр қаңқасы тұр. Сырлы аяқтың сыры кеткенмен сыны кетпейді. Бір жарым ғасырдан астам уақытты еңсерген еңселі мазардың тоналған жәдігерінен төбесі опырылып тесілгені болмаса әлі күнге қалпы бұзылмай сақталған. Зерттеушілер кезінде еліне қорған болған  дәл осындай би, сұлтандардың еңбегі ескеріліп, тарихи қорған қайта жаңғыртылса,–деген пікірде.

Дәуір сан аунап жылдар легі сағымдай сусып өткенімен хан әулетінен тараған тектілік тек Омар төремен шектеліп қойған жоқ. Сүбесі сөгілместен төл ұрпағы Тұрсын төренің бойына келіп қонды. «Ата көрген оқ жонар». Жастайынан ақыл біліммен сусындап өскен оның уақыт оза келе өн бойынан ер жігітке тән асыл қасиеттердің бәрі де бой көрсетті. Ата мекені Сарыбел, Бүркітті, Баянжүрек тауларын тұлпарының тұяғымен түріп, аң құс аулап, саятшылықпен серуен құрып есейген бай баласы көп өтпей  құралайды көзге атқан мерген болып жетілген. Дәл сол тұстарда Кеңес үкіметі «Асыра  сілтеу болмасын,  аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен дүйім елдің кисе киімі, ішсе  тамағы  болып  отырған төрт түлік малын тәркілеп, мешіттерді жоюға кірісе бастаған. Ұлт қамын ойлағандарға «ұлтшылдар», «тап жаулары», «жікшілдер», «оңшылдар» деген жала жабылып, барлық адам  ет, астық өткізуге міндеттелген. Салық төлей алмағандар істі болып, бай-манаптардың үрім-бұтағы жер аударылады. Бұл бассыздықтың қызыл жалыны Тұрсын төре шаңырағын да шарпиды. Ақыры қисынсыз қысастыққа төзбеген халық  ұрандап атқа қонады. Қарсылық   Ақсу, Сарқан, Қапал аймағында жалғасады. Мұны жергілікті жұрт «Бөрібай көтерілісі» деп атап кеткен. Себебі, 1694 жылдары өмірге келген Бөрібай Сарыұлы Абылай хан дәуірінде ерен ерлігімен танылған найманның матай руынан шыққан атақты батыр, даңқты қолбасшы. Есімі матай елінің ұраны болған. Бөрібайлап атқа қонған матай ата ұрпақтары ештеңеден тайынбаған. Сонымен Бөрібай көтерілісі бірте-бірте күш алып, халық арасында «Кеңес өкіметі жойылсын!»,  «Салықтар жойылсын!»,  «Тұқым қорын жинауға қарсымыз!», «Коммунистерді, комсомолдарды соғыңдар!» деген ұран тасталады. Өйткені, бар малынан астық, тұқымынан айрылған халыққа ашаршылық қаупі төне бастаған еді. Бас көтерушілер бірнеше бағытта арнайы топ жасақтап казак-орыс қазақтардан ұйымдасқан бір құрамындағы 150-ге жуық жасағын Тұрсын төре басқарады. Батыр келбетті есіктен бір қырымен зорға кіретін алып күш иесі оларға атыс-шабыстың айла-тәсілін үйретіп, соғысқа қарсы дайындық өткізеді. Сонымен өкіметтің көтерілісшілерді бастықтыруға шыққан қызыл әскерлерімен жергілікті жұрт арасындағы теке тірес басталып кетеді. Сан мәрте бетпе-бет келген шайқастар да екі жақтан да адам шығыны болғанмен алғашында көтерілісшілер қызыл әскерлердің бетін қайтарып отырған. Көтерілісшілерді  ауылдағы халқы тегіс қолдап бірге қарсыласқанымен үкімет көтерілісшілерге «Банды» деген ат қойып, айдар тақты. Шолақ белсенділерді салып қазақты қазаққа жау етіп көрсетті. Осылайша жергілікті жұрт арасына іріткі салынып, көп ұзамай араздық пен аштық  қабаттаса келді.  Ешкімнен еш қайыр болмасын білген ел ақылшы Тұрсын төреге өтініш айтып, қытай асуға бел буады. Ресей патшалығын үш жүз жыл билеген Романовтар әулетін де жоқ қылған Кеңес өкіметінің енді аямасын ойлаған қолбасшылар жұрт талабына бірден келіседі.  Осы барыста жасы жетпістен аса бастаған Тұрсын төре туған жерінің бір уыс топырағын шытына түйіп, әкесі Омар төренің басына Құран бағыштап көшкен елмен бірге атқа қонады.

Алмағайым заман. Ашаршылыққа қарсы атыс-шабыстан көз ашпай үдіре тартқан елін қорғау басты парыз. Жол бойы кездескен қиындықтардан енді өтіп, шекара маңындағы  бір жерге тыныстаған ауыл жұртына түнделете жеткен қызылдар қырғидай тиеді. Қайта шапқан жау жаман. Тұтқиыл келген жаудан халқын бала-шағасын аман құтылтуды ойлаған Тұрсын төре қайтпай қарсыласып тұрып оққа ұшып көз жұмады. Елінің ертеңі мен ұлтының болашағы жолында күресіп өткен тау тұлғаның өмірде өшпес ізі қалды. Бүгінде ақ сүйек төре баласының ата мекенінде «Тұрсын төре жайлауы», «Тұрсын төре тауы», «Тұрсын төре алтын шахтасы», «Тұрсын төре  Тамшы бұлағы» деген халық арасында кең тараған жер-су атаулары бар. Атағы алты алашқа мәлім қасиетті Қапал жеріндегі Тамшыбұлақ тарихтан жанға да, тәнге де дауа салқын зәмзәм.

                                                                                          Айдын КӘЛІМХАН.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз