Елімізде 9-шы шілде су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған байланысты Жетісу облысының орталығында арнайы жиын өтіп, бірқатар мамандар марапатталды.
Шаһар әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуда Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков жалпы су шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, олардың жұмыстарына сәттілік тілеп, біраз адамдарға қала әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Бұл жолғы құрметке ие болғандар қатарында өңірдегі өндірістік учаскенің Рашид Сайлаубеков, Назигүл Әуезханова, Асқар Асылбеков сынды азаматтары бар.
– Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы бойынша су шаруашылығы саласында 30-ға жуық маман еңбек етеді. Олар өздерінің қажырлы еңбегінің арқасында аймақтағы 200-ге жуық шаруа қожалығының суармалы жерін сумен қамтамасыз етуде. Сонымен бірге облыс орталығындағы жасыл желектер мен аулаларды суаруға 42 млн текше метр су жеткізуде. Бұл бағытта сала мамандарының атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Еңбектеріңіз ел игілігі үшін елене берсін!,– деді Жеңіс Саятбекұлы.




























