Жетісу облысы Халыққа қызмет көрсету орталығының 20 жылдығын атап өтуде. Бұл – үлкен еңбек пен жауапкершіліктің, табандылықтың мерекесі. Осы орайда халыққа қызмет көрсету саласында көп жыл еңбек етіп, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру жолында өз үлесін қосып келе жатқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жетісу облысы бойынша филиалының, Бақылау және Сапа басқармасының басшысы Мүлікбай Айдос Серікұлымен арнайы әңгімелесіп қайттық.

Айдос Серікұлы осы екі онжылдық аралығында ХҚКО-да талай өзгерістерге енді, цифрлық сервистерге бейімделіп, халыққа қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне өтті. Сол туралы қысқаша айтып берсеңіз.
Қазақстанда алғашқы ХҚКО 2005 жылдың аяғында «бір терезе» қағидасы бойынша тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Өңірдегі тұңғыш халыққа қызмет көрсету орталығы Талдықорғанда 2006 жылы ашылды. Кейін біртіндеп аудандарда бөлімдер құрыла бастады. Әуел баста орталық мамандары небәрі 30 қызмет түрін көрсетсе, қазіргі таңда 1300-ден астам мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Нақты уақытта облыс бойынша 10 ХҚКО және 1 МХҚКО бар. 20 жылдың ішінде облыс бойынша 20 миллионға жуық адамға қызмет көрсетілді. Қазір бұрынғыдай түрлі кабинеттерді аралап, құжат жинап, апталап уақыт өткізу қажет емес. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтер электронды түрде, бірнеше минут ішінде қолжетімді. Әсіресе, проактивті және композитті қызметтер азаматтар үшін үлкен жеңілдік әкелді. Күйбелең тірлікке толы қазіргі заманда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жол шығынын немесе уақытыңызды жоғалтудың қажеті жоқ. «ЦОН» мобильді қосымшасын ұялы телефоныңызға жүктеп алып, үйден шықпай-ақ операторлармен бейнеқоңырау арқылы түрлі мемлекеттік қызметтерді ала аласыз. Сонымен қатар, кезекті алдын ала брондау мүмкіндігі де бар. Бұған қоса, «Жеке менеджер» жобасы аясында келісімшартқа отырып, қағаз жеткізгіш нысандағы құжаттарды рәсімдеуге тапсырыс беруге болады. Яғни, бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылғаны рас, жеткен жетістіктерге қарамастан, алда бұдан да биік мақсаттар мен міндеттер күтіп тұр. Жаңа, өзіңіз атап кеткен ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған ыңғайлылықтар туралы толығырақ тоқталсақ.
Азаматтарға арналған үкімет ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімді және ыңғайлы болуын қадағалап, осы бағытта барынша жағдай жасап келеді. Қазіргі таңда еліміздегі ХҚКО-ларда пандустар, шақырту тетіктері, тактильді жолдар, брайль тақтайшалары орнатылып, арнайы жеңілдік терезелері жұмыс істеуде. Ал 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар тұлғалар 1414 нөміріне қоңырау шалып немесе gov4c.kz сайтында өтініш қалдырып, қызметкерлерді үйге шақырта алады.
Айдос Серікұлы, ХҚКО саласында 16 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан қызметкердің бірісіз. Осы орайда, өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айтып кетсеңіз. 2025 жыл – халқымыздың тарихында айрықша орын алатын кезең! Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама кәсіби еңбек иелерінің қоғамдағы мәртебесін арттырып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін жоғары бағалауды мақсат етеді. Президентіміздің «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады» деген сөзі мен үшін ерекше маңызға ие. Мен де мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы еңбек жолымды 2009 жылы Алматы облысы Көксу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында құжаттарды қабылдау инспекторы ретінде бастадым. Сол кезден бастап, кеңесші, жинақтау секторының маманы, ментор, операциялық залдың басшысы, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы сияқты түрлі қызметтерде жұмыс істедім. 2022 жылдың ақпан айында «Бақылау және сапа басқармасының басшысы» лауазымына тағайындалып, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызмет көрсету саласында өз үлесімді қосып келемін. Осы еңбегімнің нәтижесінде Мемлекеттік корпорация тарапынан 20 жылдық арнайы медалімен марапатталдым. Алдағы уақытта да Жаңа Әділетті Қазақстан құру жолында, ел игілігі үшін қызмет етуге дайынмын. Барша филиал ұжымын, қызметкерлерді осындай үлкен мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жемісті күндер көп болсын!
Сұхбатыңызға рахмет!





























