«Өз дәуірінің ірі тұлғасы»

382
Фото авторы А.Нұршанов

12 қаңтар – аса  көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО-да ең биік саяси лауазымға ие болған алғашқы қазақ Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келген күні.

Фото авторы А.Нұршанов

Осыған орай ұлтымыздың біртуар перзентін еске алу шарасы өтті. Шара барысында Ескелді ауданының Құрметті азаматы, Қонаев қорының басқарма төрағасы Кәдіржан Жексенов, Алматы облыстық Қонаев қоры қамқоршылар кеңесінің мүшесі Сайлаубек Наймантайұлы, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Мұрат Халық  Алатаудай алып тұлғаның өмірі, өскен ортасы, еңбек жолы, игілікті істері  жөнінде кеңінен баяндады.

Фото авторы А.Нұршанов

Қонаев қорының басқарма төрағасы Кәдіржан Жексенов «Д.Қонаевтың есімі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті екені сөзсіз. Кеңес үкіметінің тұсында ел ағаларының басты арманы ұлтын сақтап қалу болды. Олар Тәуелсіздік үшін күрес жолында жан алысып, жан берісті. Дәл осындай азаматтардың бірі Дінмұхамед Ахметұлы еді. Ол халқы үшін қалай аянбай еңбек етсе, елі де оны дәл солай ұлықтады. Жарты ғасырға жуық ел тағдырына араласқан абыройлы ұл, көреген саясаткер ретінде есте қалды. Ұлт мүддесін қорғап қалуға келген кезде ешкімге есесін жібермеуге тырысты»-деп, кемеңгер тұлғаның есімі мен ұлт үшін, ұрпақ үшін жасаған ұлағатты  еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Дереккөз

Д.Қонаев «Менің кіндік қаным тамған жер – бұрынғы Верный, осы күнгі Алматы. Балдәурен балалық шағым, қайран жастық дәуренім өткен осынау әсем қала – мен үшін оттай ыстық. Әрине, балалықтың да, жастықтың да өз белгілері бар, қызығынан қиындығы басым сол бір кезеңін біреу біліп, біреу білмес, бірақ өзіме аян өмір жолы қандай болса, өзіммен бірге жасасқандай сезінетін бұл шаhардың да аса бай тарихы бар. «Қазақта түбін білмеген түгін білмейді» – деген сөз бар. Жеті атасына дейін жазбай  білетін атамыздың айрықша қасиеті де осында. Қаны таза кісінің дені де, тілі де сау. Өңін бермесе, ізгілік жолын сақтаса, сөзі ортақ болса, одан озар байлық бар ма? Міне, сондықтан да қазақ шыққан тегін зерделеп, өсер ұрпағының ертеңіне ерекше мән берген. Н.Аристовтың деректеріне сүйенсек, Үйсіннен Абақ, Ақсақал, одан Қараша би, одан Бәйдібек туады. Біздің ата-бабамыз сол Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптен туған Жәлмембеттің Ысты деген бел баласынан тарайды. Ата-бабам тегіне тартып мал бағып, қауға ұстаған кісілер екен. Күрті мен Іле өзендерінің жағасын жайлап, Құйған бойын қыстау етіпті. Біз Верный қаласының Сарқант көшесінде Иванов дегеннің үйінде тұратын едік. Мен сол үйде 1912 жылы қаңтардың он екінші жұлдызында туыппын. Екі жылдан кейін әкем жанын жалдап жүріп еңсесі төмендеу шағын жәй салды. Ұмытпасам, мекенжайы былай еді: Старокладбищенск көшесі 39, кейін оны Вокзал, сосын Сталин атындағы проспект деп атады. Әрине, уақыт озған сайын дүние өзгермей тұрмайды, менің бар балалық шағым өткен ол үй әлдеқашан бұзылды»-деп естеліктерінің бірінде өскен ортасы жайында ой бөліседі. «Мен қаншалықты жоғары дәрежеде қызмет істесем де өзімнің халқымнан төмен екенімді бір сәт ұмытқан емеспін». Ел басқарған шағында  экономика, әлеуметтік сала мен ғылымның өркендеуіне, қазақ мәдениетінің дамуына  айтулы еңбек сіңірген, халықтың ыстық ықыласына бөленген тұлғаның есімі қашанда ел жадында.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK