Достық кентінде заманауи мектеп салынуда

900

Жетісу облысында 7 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған, олардың бірі – Алакөл ауданының Достық кентінде. Нысан «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру аясында салынуда. Құрылыс барысымен Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасы өкілдері танысып қайтты.

Мердігер ұйым – «VentKarkaraServis» ЖШС. Аталған кәсіпорын директорының орынбасары Нұрлан Нұрахмановтың айтуынша, 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталған. Бүгінгі таңда монолитті жұмыстар 85 пайызға аяқталды. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс материалдарын таңдау кезінде жергілікті өндірушілердің тауарларына артықшылық беріледі, алайда, кірпіш, арматура сияқты құрылыс материалдарын Алматыдан тапсырыс беруге тура келеді.

Достық кентінде мектеп құрылысына 80 адам жұмылдырылды. Нұрлан Нұрахманов мектеп жоспарланған мерзімге дейін пайдалануға беруге толық дайын болатынына сендірді.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысына мемлекеттік бақылау жүргізілуде. Атап айтқанда, Достық кентінде мектеп салуға аудандық мәслихат депутаты Жайлаубай  Нұрмұхамбетов тарапынан ерекше көңіл бөлінуде.

Депутат салынып жатқан нысандарға үнемі баратынын және мердігердің жұмысына риза екенін атады.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры  Дәурен Оңалбаев елімізде алғаш рет іске асырылған ұлттық жоба отандық компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың үлкен тетігіне айналатынын атап өтті. Бұл республикалық жоба аясында салынған мектептер балалар мен жасөспірімдер үшін өте ыңғайлы болады және оқушылар сабақтарына үлкен құлшыныспен қатысады деген үмітте.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз