Жетісу облысында «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің беделін өсіру, басқарудың озық тәжірибесін тарату, кәсіби білім мен дағдыларға ие қызметшілерді анықтау және мадақтау.
Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңі 2023 жылғы 15 сәуірде басталып, құжаттарды қабылдау айдың соңына дейін жалғасқан болатын. Өңірлік байқауға Жетісу облысынан 37 адам қатысып, кейсті шешу барысында тапсырмаларды толық орындаған 22 кандидат жеке сұхбат жүргізу кезеңіне жіберілген еді. Аймақтық бағалау алқасының қорытындысы бойынша үздік деп танылған 2 қызметші байқаудың республикалық кезеңіне қатысуға ұсынылды.
Сонымен Жетісу облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мизамбаев Ермек Арынханұлы және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары
Түкібаев Сәкен Ғалымұлы өңірлік кезеңнің жеңімпазы деп бағаланды. Енді олар республикалық кезеңге мемлекеттік аппараттың қызметін жақсарту бойынша өз жобалары мен ұсыныстарын жолдайды. Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «23 маусым — Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметші күні» мерекесіне орай ұйымдастырылмақ.