Қазақ отбасында әке мен ананы қадірлеу, құрметтеу керектігі ерекше әспеттелген. Әкем мен анам бізге өмір сыйлаған, отбасының діңгегі, қос шынарым.
Әкеміздің есімі Тойшыбеков Бидікен Төлепбекұлы, анамыз Тойшыбекова Тұрар Шәкенқызы. Әкеміз қазіргі таңда 88 жаста, анамыз 3 жыл бұрын өмірден өтті. Ата-анамның өмір жолы кітап жазарлықтай құнды, бағалы. Әкемнің сенімімен алға жылжып, балалары біздер әкемізді үлгі тұтып, алға қойған мақсатымызға, арманымызға қадам бастық. Әкеміз отағасы, отау иесі болды. Жарына адал ер, балаларына қамқор әке, анасына сенімін ақтаған баласы бола білді.
Әкем Алматының зоотехникалық –мал дәрігерлік институтын 5 жыл оқып, үздік аяқтаған. Оқуын оқып жүріп, еңбек етті. Отбасына қарайласты. Атамыз соғысқа қатысқан кісі.Әкесі қайтыс болған соң, әкенің орнына әке де, ағадай қамқор болды. Өз анасына қарайласып , іні-қарындастарына қолдан келген көмегін аямады. Әкем оқуын аяқтаған соң, еңбек жолын Ақсу ауданы, Қызылтаң ауылында бастады. Сол ауылда әкем зоотехник боп алғашқы қызметін бастады.Қызметін адал атқарып, халықпен бірге болды. Адалдықтың арқасында қызметі өсті. Сөйтіп, ауылда парторг болып сайланып, партия мүшесі болды.
Кейіннен Жансүгір кентіне көштік, ол жерде де әкем өзінің білімін көрсетіп, жоғары қызметке тағайындалды. Аудандық әкімшілікте кәсіподақ ұйымында қызмет атқарды. Бұл қызметінде де абыройлы болды. Қызметін адал атқарып, талай орден, медальдарын алды. Әкеміз «Еңбек Қызыл ту» орденімен және «Еңбек ардагері» тағы басқа да бірнеше орден, төсбелгілермен марапатталды.Әкем зейнетке шығар алдында ұстаздық қызмет атқарды.Бұл қызметінде де білімі мен тектілігін, тәрбиесін көрсетіп, өз ұжымында сыйлы болып, «Қазақстанның Білім озаты» орденімен марапатталды. Әкенің балаға айтар ақылы, берері, үйретері өте көп. Әкем атадан балаға мирас болып келе жатқан салт- дәстүрді, әке мен бала арасындағы қарым- қатынасты, отбасылық рухани құндылықтарды бірінші орынға қоя білді. Қазақы мінез бен еліне, жеріне деген патриоттық сезімді сіңіртіп, адалдыққа, әділдікке, шыншылдыққа баулыды. Мен өр тұлғалы әкеммен мақтанамын. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны хақ.
Анамыз адал жар, инабатты келін, мейірімді ана бола білген жан. Анамызды мақтан етеміз.Анамыз Аллаһтың қалауыммен он бір құрсақ көтерген жан. Алайда, алтауы қайтыс болып, әкем екеуі сабырлық танытып, қалған бесеуімізді тәрбиеледі. Ініміз Байкен Бидікенұлы, ол да әкеміздің тәлім-тәрбиесін, өнегесін алып, жоғары білім алып, ауылдық учаскелік инспектордан өмір жолын бастап, Ішкі істер бөлімінде қызметкер болып, адал қызмет етіп, облыстық департаментте де қызметін жалғастырды, Халық қаһарманы медалін алды. Барлығымыз ер жетіп, бой жетіп,Аллаһқа шүкір отбасылық болдық. Көркем мінезімен балаларына үлгі болған, өнегесін көрсеткен Анамды мақтан етемін. Апамыз Бақтиярқызы Ырысты текті, тәрбиелі, өнегелі, мейірімді адам болды. Апамыз өзінің даналығын дарытып, бізге жүрегімізге имандылық ұялатты.
Анамыз өмірден өткеніне 3 жыл өтті. Анамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Ата-ананы қадірлейік, сыйлайық!
Назыкен Бидікенқызы,
Талдықорған қаласы, «Е.Берліқожаұлы атындағы
№11орта мектеп » КММ мұғалімі





























