Талдықорғандықтар 31 мамыр-Саси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ақиық ақын Ілияс Жансүгіров ескерткіші алдына жиналып, жандары жазықсыз құрбан болған қазақ зиялыларының рухына бас иіп, тағзым етті. Жетісу облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт шараның шымылдығын ашып, қазақ арыстарының ұлт үшін жасаған ерен еңбектері мен ұрпаққа қалдырған рухани мұралары жөнінде ой бөлісті. Жиналған қауымның қатарында шараға қатысқан саяси партиялардың Жетісу облыстық филиалдарының төрағалары, ілиястанушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен жастар 30-шы жылдары саяси қуғын-сүргіннің салдарынан жазықсыз қудалауға түсіп, ел мен жер үшін жандарын қиған азаматтардың есімдерін ұлықтап, ұрпаққа үлгі болар істері туралы айтты.





























