Талдықорғанда 36 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр

325

Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев Өтенай ауылының тұрғындарымен арнайы кездесу өткізді.  Нақтырақ айтсақ, Өтенай ауылы – Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар сынды бірнеше елдімекенді қамтиды. Жалпы халық саны 15 мыңнан асады.  Жиналған қауым алдында сөз алған шаһар басшысы алдымен осы күнге дейін ауыл-аймақтағы  атқарылған істерге кеңінен тоқталып, алда тұрған тың жоба-жоспарлармен бөлісті.

Әсет Дүйсебекұлының айтуынша, аймақтағы халықтың білім, денсаулық, спорт, мәдениет,  ауылшаруашылығы басқа да әлеуметтік салалар мен  ауызсу, жол, жарық, құрылыс, жайылымдық жер және газ тартуға қатысты мәселелері аз емес. Бүгінде жалпы Талдықорған қаласында 36 мыңнан астам адам тұрғын үй салу мақсатында жер кезегінде тұр. Жақында соның кезек тәртібі бойынша 514  тұрғынға Өтенай ауылы аумағындағы Жастар-3 жаңа тұрғын үй алабынан жер бөлінбек. Жұрт талабын шешудің оңтайлы жолын қарастырып  жұмыс атқару да басты назарда. Мәселен, өткен жылы Өтенай, Мойнақ, Еңбек ауылдарында біраз жұмыстар жасалып, бірқатар көшелер жөндеуден өткізілген. Енді биылғы жылдың жоба жоспарына сай аталған 3 ауылдан тағы 28 көше орташа толық жөндеуден өткізілмек. Құрылыс жұмыстары сәуір айында қолға алынады деп күтілуде. Сонымен бірге өңірлерді табиғи газбен қамту жұмыстары да негізгі күн тәртібінде. Алғашқы жоба бойынша жалпы облыс орталығындағы газ құбыры жүргізілетін аумақ  921 шақырымнан асатын.  Онда Талдықорған қаласына қарасты ықшам аудандар мен Өтенай, Еркін, Еңбек және Шайқорған сынды саяжайлар бар. Неге екені белгісіз алғашқы газ желісін жүргізу жобасына қалаға қарасты Мойнақ ауылы, Қызылтас, Мерекелік, Қаратал саяжайы мен Алмалы, Ащыбұлақ елдімекендері енгізілмеген. Осыған байланысты Өтенай және Талдықорған қаласының әкімдігі тарапынан аймақ басшыларына, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасына берілген ұсыныс бойынша жақында тиісті  қаражат бөлінбек. Қазір аймақта газбен жабдықтау бойынша қаражаты бөлінген Жастар-2 және  Ынтымақ елдімекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар биыл 23 шақырымнан асатын Мойнақ ауылына, Жастар-1, сондай-ақ, қаладағы 6-7-ші шағын аудандар мен тағы басқа да газ тарту жобасынан  қалыс қалған аумақтарды газдандыру жұмыстары жалғаспақ. Сондай-ақ, көшелерді  жарықтандыру, ағаш отырғызу, қоғамдық көліктердің кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жасала берілмек.

Қысқаша баяндамадан соң жұрт сауалына құлақ түріліп, тиісті жауап қайтарылды. Сөз кезегінде Өтенай ауылының бір тұрғыны біраз оқушылар таңертеңгі кешкі уақыттарда Талдықорған – Алматы бағытындағы күре жолдан кесіп өтетіндіктен сол жердегі  жаяу жүргіншілер жолағын айқындап беруді өтінсе, келесі сұрағында осы бағытта жүретін адам қарасы мол болғандықтан оған  қатынайтын № 13 автобус санын көбейтсе деген ойын айтты. Сонымен бірге ол осы жолдың бойында егілген 336 қарағай көшетінің жыл сайын жаңалап егілгенімен қурап қала беретінін ескертіп, тиісті шара қабылдауды сұрады. Бұл мәселелерге қатысты қойылған сауалдарды өте орынды деп қабылдаған қала әкімі жолаушылар көлігі және жол өткелі бойынша құзырлы мекеме басшыларына  бірден тапсырма беріп, оң шешімін табатынын жеткізді. Енді ағаш егуге байланысты кейбір жерлер өте тастақ. Оған еккен көшет өнім бермейді. Сол себепті зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.  Сондан кейін ғана ағаш егу жұмыстары қолға алынбақ. Қазір арнайы жер дайындалған. Осыған сай болашақта  2-3-5 жылдық қалада жасыл қоры жасалатынын айтты.

 Ал, газ, су, жарық, жол, құрылыс мәселелері  қаражаттың бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын айтқан Еңбек ауылының тұрғыны Марат Түлеков екі мәселе бойынша өз сұрағын қойды.

– Бірінші, Еңбек ауылының айналасы егіс алқабы болғандықтан малға жайылымдық жер жоқ. Екіншісі, Жастар ауылы бой көтергеннен бері адам саны көбейіп, қоғамдық көліктерде орын жетіспейді. Осы мәселелерді шешіп берсеңіз, – дейді ол.

Қойылған екі сұрақ бойынша бірден жауап қайтарған Әсет Масабаев Еңбек ауылы маңынан жайылымдық жер тауып беру мүмкін емес екендігін ескертіп, Өтенай ауылы аумағындағы №4, №226, №227, №228 бағытында қатынайтын қоғамдық көліктердің санын арттыруға уәде берді. Жалпы еркін пікір алмасып, көңілге түйген біраз сауалдарға тұщымды жауап  алған ауыл тұрғындары ауыл және қала басшыларына өз ризашылығын білдіріп тарасты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз