Жетісу облысында жастарға грант тағайындалмақ

636

2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жастардың жасампаз жобаларын жүзеге асыруға бағытталған  «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы гранты тағайындалған болатын. Осыған орай, алдағы уақытта өңір  жастарына грант тағайындалмақ. Жобаның негізгі мақсаты дарынды   жастардың жаңа, батыл, серпінді ғылыми және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Елдар Сапаров баяндап берді.

«Жыл сайын бұл грант республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Биыл алғаш рет Жетісу облысында өңірлік деңгейде жүзеге асырылмақ.  Грант аясында 5 бағыт таңдалып алынған. Атап айтсақ, мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және IT (ақпараттық технологиялар). Осы бағыттар бойынща облыста тұрғылықты мекен-жайы бар, 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың барлығынан өтінімдер күтеміз. Өтінімдерді қабылдау 10 мамыр мен 10 маусым аралығында Қоғамдық даму басқармасымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ , осы мерзімге дейін біз кеңестік қолдау көрсететінімізді атап айтқым келеді.», – деді Елдар Қайсарұлы.

Конкурстық комиссияның құрамына облыстық әкімдіктің басқармалары мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар енгізіледі.

Үміткерлердің конкурстық өтінімдері мемлекеттік және орыс тілдерінде электронды нұсқада қабылданады. Конкурстың ережесі мен өтінім беру нұсқаулығы Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының сайтында жарияланады.

Жеңімпаз атанған жобалар өңіріміздегі өзекті мәселелерді шешуге, мемлекеттік жастар саясатын жемісті жүзеге асыруға серпін беретін жасампаз істердің бастауы болмақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз