Баршаға белгілі, архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әрбір ұлт тарихының қазынасы. Осы ретте сарғайған қағаздардың әрқайсысының айтары бар. Себебі, ғасыр мен жылдар өтсе-дағы тағылымды тарихымыз келер ұрпақпен бірге жасай бермек. Облыс орталығы Талдықорған қаласында орналасқан Жетісу облысының мемлекеттік архиві көне тарихтан сыр шертеді. Біз осы облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Кенже Қанапиянованы әңгімеге тартып біраз сауалдар қойған едік.
-Кенже Саубанқызы, жалпы өзіңе белгілі рухани құндылықты дәріптеп, жас ұрпаққа мұра ету мақсатында архивтің атқарар рөлі ерекше. Сондықтан да, тарихтың жаршысы болып отырған мекеме қызметіне тоқталсаң…
-Иә, дұрыс айтасыз. Архивистерге ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын құнды құжаттарды болашақ ұрпаққа аманат ету міндеті сеніп тапсырылған. Жетісу облысының мемлекеттік архиві- «Ұлттық архив қоры және архивтер» туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес , Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтауға, тұрақты сақтауға және пайдалануды ұйымдастыруға құқық берілген мемлекеттік мекеме.
Айтар болсақ, бұл мекемеде Талдықорған өңірінің тарихын паш ететін мемлекеттік мекемелердің басқару құжаттамасы, фоно-фото құжаттар жинақталған.
-Қазіргі күні облыс орталығы саналатын Талдықорғанның өзіндік (кезінде Қапал уезі) тарихынан сыр шертер қандай құнды деректер сақталған? Соның бір көп айтыла бермейтін біреуіне тоқталсаң.
-Бұл орайда архивтегі жұмыс түрінің бірі-ынталы ақпарына тоқталайын. Талдықорған (Қапал) уезіндегі милицияның (полицияның) құрылуына 105 жыл толуына байланысты деректер сақталған, соны жария етейін.
Талдықорған (Қапал) уездік-қалалық милициясының құжаттары 1922-1929 жылдарды қамтитын 1-қор, 49 іс мемлекеттік сақтауда .
Аталған қорда милиция қызметкерлеріне қатысты бұйрықтар, қызметкерлер тізімі, сауалнама хаттамалары, айыптау қорытындылары, қаулылар және есептер бар. Тәртіп сақшыларының осыдан 1 ғасыр бұрынғы тарихы, жұмыс барысы туралы мәліметтері, яғни біршама құнды ақпараттар архив қоймаларында қазіргі ұрпаққа мирас болып келеді.
Қапал уезінің атқару кеңесімен 1918 жылғы 23 қыркүйектегі №21 хаттамасымен Гаврилов ауылында уездік-қалалық милиция штат саны бойынша 30 адам құрамында құрылған, яғни 20 жаяу және 10 атты милиция қызметі болған екен. Бірақ жылдар бойы милиция құрамы сан рет ауысқан еді.
Қазақстан полициясының (милиция) тарихы қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. 1917-1918 жылдан бері халықпен бірге Кеңес билігін орнату үшін Азаматтық соғыс майданында ұрыс салған кеңес милициясы, ұжымдастыру жылдарында кулактардың бандаларымен шайқасқан болса, Ұлы Отан соғысы жылдары фашизммен күреске белсене қатысты. Соғыс біткен соң қираған шаруашылықты қалпына келтіруге, елдегі тыныштықты сақтауға атсалысты. Ал бүгінде соларға сабақтас полиция қызметі егеменді Қазақстан халқының Ата Заңдағы мүдделерін қорғап, демократиялық өзгерістердің күзетінде тұр.
-Ал, енді бізге ұсынып отырған мына көне фотосуреттің өзі де тарихтан сыр шертіп тұрғандай… Бұл жөнінде не айтасың?
— Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіровтің әдеби мұражайы орналасқан ғимарат тарихтың тереңінен сыр шертеді. Өте көне ғимараттардың бірі. Бұл сол кезде милиция ғимараты болған, кейіннен Құлагер ақын І. Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылық қызметін көрсетуге арналған тарихи-мәдени мекеме, әдеби-мемориалдық мұражай болып 1984 жылы Талдықорған қаласында ашылды.
Музей ақын Ілияс Жансүгіровтің туғанына 90 жыл толуына орай ашылған еді.
Мұражай орналасқан ғимарат 1907 жылы салынған. 1918 жылдан бастап 1976 жылға дейін осы ғимаратты түрлі ұйымдар, олардың арасында «Октябрь туы» газетінің редакциясы да пайдаланған. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары мұнда Жетісу уездік атқару комитеті орналасқан. Осында І.Жансүгіровтің өзі Ақсу ауылынан жұмыс бойынша бірнеше рет келген. Қазіргі кезде мұражай ғимараты сәулет ескерткіші болып саналады, мемлекеттік қорғауға алынған.
-Тарихтан-тағылым боларлық мәліметтер айтып бергенің үшін оқырмандар атынан рақмет айтамыз.
Сұхбаттасқан: Дана Әнуарбекқызы