Есірткі сатумен айлысқандарға қандай жаза қарастырылған?

4472

Бүгінде есірткі және улы заттардың заңсыз айналымы кең тараған қылмыстардың бірі. Елімізде соңғы жылдары есірткі заттарының заңсыз айналымында бұрын кездеспеген синтетикалық жаңа түрі пайда болды. Ол   психотроптық және елесті әрекеттерге ие, орталық нерв жүйесіне зақым келтіретін адам денсаулығы үшін аса қауіпті болып саналады.

Ал, есірткі заттарын сатудың жаңа тәсілі еш байланыссыз болады. Сатушы мен тұтынушы жеке жүзбе- жүз кездеспейді. Тек есірткіні құпия орынға салып кету арқылы ғана жұмыс жүргізеді. Осыдан соң сатушы тұтынушыдан  тапсырыспен SMS хабарлама алады да есірткі сатушы өз кезегінде оған электронды шоттың нөмірін жібереді. Қаражат түскеннен кейін есірткі жатқан құпия жердің координаттарын жібереді. Осылайша, әккі қылмыскерлер өзінің тұрғындардың денсаулығына және адамгершілікке  қарсы қылмыстық әрекетін жасырып жазадан жалтарады. Мұндай қылмысқа барып жүргендердің тұрақты жұмысы жоқ және еш жерде оқымаған өрімдей жас болуымен қатар олар өз әрекеттерінің салдарын түсінбеуі де  адамды алаңдатады. Тек әлеуметтік желілер арқылы жеңіл жолмен ақша табуды көздеп есірткі  және психотроптық заттарды тарату бойынша жұмыс беруші адамдарды табады.

Тапсырыс берушілер азаматтарға қашықтан  жұмыстың мәнін түсіндіреді,  нұсқаулықтар береді. Мәселен, жақында сот үкімімен «Telegram» қосымшасына пайдалану арқылы есірткі сатуға қатысқан 1998 жылы туған бір азамат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2022 жылдың мамыр айында «OLX» қосымшасы арқылы  «kirillAbrom0vich» логинді бейтаныс адаммен танысқан.  Әлгі адам оған «Telegram» қосымшасы арқылы есірткі заттарын сату бойынша жұмыс ұсынған. Олар келіскеннен кейін жұмыс беруші оған жасырған есірткі құралдарының орналасқан жері туралы хабарлама жіберген.  Сонымен ол аталған затты алып, бөлшектеп өлшеп ораған және  қаланың әр жеріндегі белгілеген орынға апарып салып қойып, суретке түсіріп есеп берген. Дәл осындай қылмыспен қолға түскен тағы бір азамат 11 жылға сотталған. Оның  тұрғылықты жеріне тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 86 граммды құраған мефедрон заты табылған. Бұл аса ірі мөлшердегі есірткі заттарына жатады. Бүгінде мұндай қылмыстың алдын алу және онымен күрес жалғасуда.

Осыған байланысты Жетісу облысының прокуратурасы заңсыздықтардың алдын алып, жолын кесу үшін өңір тұрғындарын әрдайым сақ болуға шақырады. Сондай-ақ, есірткі және психотропты заттарды сату мақсатында заңсыз жарнамалау,  өндіру, қайта өңдеу, сатып алу,  сақтау  және тасымалдағандар Қылмыстық кодекстің 297 бабына сәйкес 5 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза түрі қарастырылатынын жеткізеді. Сонымен бірге соңғы уақытта интернет желісінде кәмелетке толмағандарды алжастыратын қауіптердің көбеюіне байланысты әр ата-ана өз баласының мінез-құлқына баса назар аударып, қылмыстық жолға түсіп кетудің алдын алуды ескертеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз