Шетелдік көліктерді тіркеу мерзімі аяқталуға жақын

1536

Бүгінде елге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру мерзімі аяқталуға жақын. Осы орайда заңдастыру жұмыстары басталған жыл басынан бері Жетісу облысында Е-gov порталы арқылы тұрғындардан 3179  өтініш келіп түсіп, оның  2024-не  оңтайлы шешім қабылданған. Нақтырақ айтқанда 1867 автокөлік агрегаттық тексеру және салыстырудан өтіп, 1974 көлік заңды түрде тіркелген. Бұл туралы Талдықорған қаласында өткен баспасөз жиынында Жетісу облыстық ПД-нің бірінші орынбасары Жасұлан Байкенов жеткізді.

Жасұлан Құдайбергенұлының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір аймақта шетелдерден енгізіліп уақытша тіркеуде тұрған – 427, Армениядан– 46, Ресейден – 423, Қырғызстаннан – 507, Беларусьтан – 1, Грузиядан – 1, Кореядан  – 1, Дубайдан – 3, Моңғолиядан – 1, Америкадан әкелінген – 1, сондай-ақ, пайдалану құқығына берілген сары Қазақстандық нөмірлері – 37 автокөлігі тіркеуге қойылды. Сонымен қатар, 486 автоконструктор автокөліктері тіркеуге алынған. Бұл көліктерді заңдастыру ағымдағы жылдың мамыр айының 22-ші жұлдызынан басталған. Ал,  шілде айының 17 күнінен бастап, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрын тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және шектеулері бар автокөліктер иелеріне оларды Қазақстан Республикасында уақытша 5 жыл мерзімге тіркеуге қоюға мүмкіндік берілген. 

БАҚ өкілдеріне берілген мәлімет бойынша осы уақыт ішінде Жетісу облысы, Талдықорған қаласында орналасқан мемлекеттік халыққа қызмет көрсету орталығына 498 азамат Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген көліктерін уақытша тіркеуге қоюды өтініп, 427 адам  көлік құралдарының құжаттарын рәсімдеген. Қазақстан Республикасының азаматтары кейіннен аталған автокөліктерді шет мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарса, онда олар жария ету шарттарымен Қазақстанда бастапқы есепке қойылады. Осыған сәйкес, ағымдағы жылы 1 шілдесіне дейін өтініш берген барлық ел азаматтарына көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктерді заңдастыруға құқығы бар. Сондай-ақ, бір реттік заңдастыру бойынша автокөлік иелеріне 2023 жылдың 1-ші шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер, ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаралатынын ескертеді.

– «Осыған байланысты бүгінгі күні нормативтік актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Яғни, шетелдік автокөліктерді заңдастыруға екі айдан аз уақыт қалды. Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, біз автокөлік иелерін заңдастыру процесін аяқтауға және көлік құралдарын уағында тіркеуден өткізіп алуға шақырамыз», – дейді мамандар.

Осы орайда жауаптылар  бүгінде департамент аймақ әкімдігімен бірлесіп автокөлік жолдарының қысқы қамы үшін 436 бірлік техника 17 мың тоннадан астам құм және 1505 тонна тұз дайындалғанын жеткізді. Сонымен қатар желтоқсан айының 1 күнінен бастап әрбір жүргізуші көлік  дөңгелектерін қыстыққа ауыстыруға міндетті. Егер бұл талаптарды орындамағандар болса бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде  айыппұл арқалайтынын, ал, заңбұзушылық қайталанса  оның айыппұл еселенетінін еске салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз