Талдықорғандағы «Балдәуренде» балалар демалысы басталды

3190

Жаз айы басталды. Жыл сайын оқу жылы аяқталғаннан  соң  балалар жазғы демалысты көңілді де мазмұнды өткізгілері келеді. Қуанышқа толы көңілді жаздың ұмытылмас естеліктері жазғы ашық алаңда бастау алды.

 Бұл ретте, Талдықорған қаласының Оқушылар сарайында  «Балдәурен» жазғы ашық алаңы өз жұмысын ағымдағы жылдың 5 маусым күні бастады.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, жазғы алаңның басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және таланттарын анықтау, балалардың шығармашылық қабілеттерін жан-жақты бағытта дамыту.

Ұйымдастуршылардың  айтуынша, осымен 7 жыл  бойы өз балалары мен немерелерді жетектеп әкелетін ата-аналар мен  ата-әжелердің қуанышында шек жоқ.   Бұл жерде балалар көңілді, қызықты уақыт өткізеді. Арасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да бар. Жазғы ашық алаңда балалардың жазғы демалыс кезеңде бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Лагерге келушілерді күн сайын  медбике тексеріп, сауықтыру іс-шаралары мен гигиена бойынша әңгімелер өткізеді.

Жазғы ашық алаң 4 маусымнан тұрады, әр маусым 10 күнді қамтиды:

І маусым- 5-16 маусым;

ІІ маусым-19-30 маусым;

ІІІ маусым – 3-14 шілде;

ІV маусым-17-28 шілде.

 Бүгінгі таңда жазғы ашық алаңның  1-ші  маусымында 6 топқа біріккен 150 бала келіп жүр.  Әр топта 25 бала қамтылған. Оның ішінде бір топ 5  жастағы балаларға араналған. Жұмыс уақыты таңғы 9.00-ден 13.00-ге дейін жоспарланған (түске дейін). Лагерь тегін.

Күнделікті жоспар бойынша таңертеңгі флешмобтар, тәрбие сағаттары, байқаулар ұйымдастырылады. Тәлімгерлер балалардың демалысы көңілді, қуанышқа толы болуы үшін күш-жігерін, шығармашылық қабілеттерін аямай, әр күнге жоспарланған қызықты мерекелік іс-шаралар қолға алынуда. Топтық – спорттық ойындар, саяхаттар, табиғат аясында ойындар, концерт залында, жұлдыз залында қызықты фильмдер көрсету, обсерваторияға экскурсиялар, флешмобтар, түрлі тақырыптағы асфальт бетіне сурет салу байқаулары ұйымдастыру балалар қызығушылығын арттыруда.

Бұл жерде  балалар  өз қалауларымен сурет салады, өлең оқиды және ән айтады.  Мәслене, лагерь жоспары аясында караокеде балалар ән айтады, би билейді.

Балалар «Көңілді бояулар» байқауларына, «Мықты және батыл» спорттық эстафеталарына қызығушылықпен қатысады.Туған өлкенің табиғатын қорғау туралы тәрбие сағаттар, мақал-мәтелдер сайыстарын өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, жабдықталған арнайы кабинеттерде «Қолөнер», «Мүсіндеу», «Қыш өнері», «Робототехника», «Сурет салу», «Кесу және тігу», «Вокал», «Хореография», «Көңілді орыс тілі», «Ағылшын тілі» жазғы мектептерінің сабақтарын өткізу қарастырылған. Сондай-ақ, қазіргі заманға сай коворкинг-орталық, «TECHNOPAPK», IT-класс, FabLab жұмыс істейді. IT-сыныпта робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу бойынша сабақтар өткізіліп, STEM Aсademia компаниясы платформа негізінде оқыту жүргізеді. Балалар Arduino модулін бағдарламалауды  үйренеді және роботтарға тиесілі қызықты және пайдалы электронды құрылғылар жасайды.

Жазғы алаңның жазғы шығармашылық мектептері әр баланың талантын ашуға және дамытуға көмектеседі және достарымен бірге сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік береді.

 Сондай-ақ, демалыс кезінде қала мен аймақ бойынша туристік маршруттар әзірленеді. Өлкетану үйірмесінің мүшелері өңіріміздің ең көркем тарихи-мәдени орындарына барады. Мәселен,  ақын Сара мемориалдық мұражайына, «Алтын Емел» ұлттық паркіне, Шоқан Уәлиханов атындағы мұражайына және т.б. экскурсиялар жүргізеді.

Бастысы – жыл сайын балалар «Балдәурен» жазғы алаңының жаңа маусымының ашылуын асыға күтеді.  Себебі оқудан қолы босаған балақайлар бұл жерде  қызықты  күндерін өткізеді және өздеріне  жаңа достар табады.  Ұйымдастырушылардың айтуынша,  Оқушылар сарайының білікті педагогтарының арқасында балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, балалар үшін қолайлы психологиялық ахуал қалыптасары сөзсіз. Әр балаға ерекше педагогикалық тәсіл таңдалатын көрінеді. Осылайша, жазғы алаңның әр күні балалық шақтың тамаша естеліктеріне толы болмақ.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз