Жетісу облысында 2 мыңнан астам қылмыс ашылған

5169

Өткен жылы Жетісу облысы бойынша жалпы 2 мыңнан астам қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 89 қылмыскер құрықталған.  Осы  мезгіл ішінде   із-түссіз жоғалған 41 адам анықталып, заң бұзушылық көрсеткіші де айтарлықтай азайған. Мұнда аса ауыр қылмыс 4,7, ұрлық 8,7, бұзақылық 29 пайызға төмендеген. Бұл туралы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында  өткен жұртпен жүздесуінде облыстық ПД басшысы полиция генерал-майоры Атығай Арыстанов жеткізді.

     Жиналған қауым алдында сөз алған департамент басшысының айтуынша,  бүгінде аймақтарда мал ұрлығы өршіп тұр. Сонымен бірге өңірде, жалпы ел аумағында интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының саны күрт өсуде. Мәселен, өткен жылы облыста 915 алаяқтық іс тіркеліп, бұл өңірдегі жасалған жалпы қылмыстар санының 20 пайызын құраған. Оның ішінде 446-сы интернет арқылы жасалған алаяқтық. Мал ұрлығы да аз емес. Оған басты себеп малшылардың өз малдарын қараусыз жіберуінен. Түскен шағым бойынша қабылданған шаралардың арқасында мал ұрлығымен айналысқан 8 топ ұсталып, олардың 11 мәрте мал ұрланғаны әшкере болды. Нәтижесінде қолды болған 79 жылқы, 52 сиыр, 332 ұсақ мал иесіне қайтарылған. Ал, қараусыз жіберілген малдың кесірінен жол көлік оқиғалары да орын алуда. Мысалға, былтыр түнгі уақытта күре жолдың бойында жайылған малдың кесірінен жол-көлік оқиғасы орын алып, екі адам ажал құшқан. Осыған сәйкес малын жайылымға қараусыз жіберген 1 975 азамат жауапкершілікке тартылып, қолданыстағы заң бойынша 18 млн   теңгеден астам  айыппұл  салынған.

– «Йә, бүгінде заман талабына сай түрлі ақпарат алуды, банк аударымдарын жасауды интернетсіз елестету мүмкін емес. Алайда осындай мүмкіндіктерді қылмыстық жолға пайдаланып, жұртты алдап-арбауға, олардың есеп шоттағы ақшасына жымқыруға пайдаланатын әккілер саны күн санап артуда. Олар азаматтарға хабарласып өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке адамдардың деректерін алуға талпынады. Осыдан соң ақшасын аударып әкетеді. Әрі  біреудің атынан онлайн-несие рәсімдейді. Қазіргі өзекті әрі маңызды мәселеге айналған мұндай қылмыс жасағандарды табу өте қиын. Мен осы  кездесуді пайдаланып, тұрғындардан өз мүлкінің сақталуына неғұрлым жауапты болуын, үйлерді заманауи технологияларымен жарақтандыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауын сұрағым келеді. Сонымен қатар, автокөлік құралдарының жүргізушілерін жолқауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтауға және өз өмірі үшін ғана емес, өзгелердің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті естен шығармауға шақырамын», – деді Атығай Ғазымбекұлы.

Ашық диалог негізінде өткен кездесуге талдықорғандықтармен бірге алыс –жақын аудандардың тұрғындары «онлайн» режимде қосылып, журналистер, азаматтық белсенділер мен түрлі қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысты. Осы орайда 30-ға жуық адам өз ұсыныстарын айтып, талап-тілектерін жеткізді. Кездесуде бірқатар азаматтар қылмысты істердің дер кезінде тергелмеуіне, жол бойындағы бей-берекет сауда және қаланы абаттандыру мәселелері бойынша қалалық полицияға қатысты сын-пікірлерін айтса, кейбір тұрғындар  саяжайларға бейнекамералар орнату қажет екенін және жол белгілерінің дұрыс қойылмауына шағымданды. Ал, азаматтық белсенділер құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту бойынша ұсыныстарын білдірді.

Кездесуде сауал қойғандардың бірі – Нұрлан Қарабасов есімді азамат. Нұрлан бірінші топтағы мүгедек. Ол 2020 жылы ел қатарлы шетел нөміріндегі көлік сатып алған. Осыған дейін мүгедектігіне байланысты салық төлеуден босатылып келсе де көлігіне заң талаптары бойынша жаңа нөмір ала алмай талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Оның айтқан мәселесі бойына департамент басшысы құзырлы мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, көлігін құжаттандыру бойынша тез арада көмек көрсетілетінін жеткізді.

Осыдан соң өңір тұрғыны Ербол Базылжанов қалада қазір құмарға арналған  ойын автоматтарының көбейіп кеткендігін, соның кесірінен жастар ақшасынан айырылып, жұбайымен ажырасуға дейін барып жатқанын алға тартты. Бұл сауалды да орынды деп қабылдаған полиция генералы қалалық ішкі істер бөлімінің басшысына қала әкімдігімен бірлесіп мәселенің мән жайын анықтап, тиісті шара қолдануды тапсырды.

Төрт сағатқа созылған кездесуді қорытындылаған Жетісу облысының полиция басшысы алдымен жиналған жұртқа өз алғысын білдірді.

Сондай-ақ ол: — «Халықтың бас аманды мен қоғамның тыныштығын сақтау  құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің басты міндеті. Сондықтан алдағы уақытта аймақтағы түрлі қылмыстардың алдын алу, заң бұзушылықтарды болдырмау үшін тағы 585 бейнебақылау жүйесі орнатылатын болады. Өйткені, қазір ашылып жатқан қылмыстардың дені сол бейнебақылау жүйелердің көмегімен анықталуда», -деп атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз