«Нұр Отан» партиясы — қоғамның және мемлекеттің дамуына жасалатын жағдайды жақсарту мақсатымен экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқан халықтық партия.

Ағымдағы жылдың 19 маусымы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының кезектен тыс ХХІІ конференциясы өтті. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев, партия ардагерлері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдары мен аудандық «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты. Шара барысында бұрынғы аудандық партия төрағасы Бағдат Алиев қызметінің ауысуына байланысты, партия филиалының төрағалық қызметінен босатылып, ендігі кезекте Махаббат Бигелдиев дауыс беру нәтижесінде бірауыздан партияның Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы болып сайланды. Аудандық партия төрағасы Махаббат Бигелдиев:

— Көрші елдер дағдарысты еңсерумен күресіп жатқан уақытта, біз Елбасымен бірге дамудың даңғыл жолына түсіп, өркениетті Қазақстанның негізін қалауда күн сайын жұмыстар атқарып келеміз. Еліміздің жастары мен еңбексүйгіш халқымыздың артқан сенімін ақтап, жүктелген міндеттерді орындауда баршамыз бірігіп атсалысуымыз қажет. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының атқарып отырған жұмыстарының орны айрықша. Маусым айының алғашқы жұлдызында өткен Саяси кеңестің отырысында партияны жүйелі жаңғырту және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасау ісін ұйымдастыру мәселелері қарастырылған болатын. Алдағы уақытта Елбасы саясатының жүзеге асуына және партия жұмысының әрі қарай жандануына өз үлесімді қосамын!», — деді.

Сонымен қатар, таяуда «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының бірінші орынбасарының бұйрығымен «Нұр Отан» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының бірінші орынбасары лауазымына Кербұлақ ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған Гүлжан Камамбаева тағайындалды. Аудан әкімі осыған дейін аппарат басшысы ретінде атқарған жұмыстарына алғыс айта келе халық игілігі үшін атқарылу қажет жұмыстарды ары қарай партия қызметінде жүргізе беруін жүктеп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі!

Зере Сайлау, Алматы облысы ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметі аудандармен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы, баспасөз хатшысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK