Тіл саясатында талап ортақ болуы тиіс

217

Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Президенттің Ұлттық Құрылтайда жасаған баяндамасындағы басты мәселелер мен негізгі басымдықтардың бәріне тоқталып жатпай, тақырыбымызбен байланыстыра ой өрбітелік. Қасым-Жомарт Кемелұлы «тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін» баса айта отырып, «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек» дегені алаң көңілге қуаныш сыйлады.

Мемлекет басшысы киелі тіліміз туралы, «Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді. Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – мәңгілік»,-деді.

Тіл – қатынас құралы ғана емес, ұлттың өмір сүруінің кепілі. Себебі, кез келген қауымды халықтық деңгейге көтеретін құндылықтар тарих, дәстүр, өнер, тұрмыс-тіршілік болса, соның бәрі тілдің қуатымен жасалады. «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» дегенде Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов ұлт болып ұйысудағы тілдің осы құдыретіне назар аудартты.

Тіл туралы сөз жетерлік, әрине. Ғафу ақын (Қайырбеков) «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, біз де бұл мәселені тоқтаусыз толғап келеміз. Мұның үстіне өзің еске салғандай, заң да бар, қаулы-қарар да жетеді.  Мәселен, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы ұрпаққа тіл үйретуде қандай бағыт ұстанып еді. Ол жапон халқы іспетті балаларды 12 жасқа дейін өз ана тілінде тәрбиелеп алған жөн деп еді ғой. Өйткені, буыны қатпаған жас ұрпақ, әуелі өз ұлтының бар асыл қасиет­терін өз тілінде бойына сіңіріп алуы қажет. Сонда ғана ол өз ұлтының қамын жейтін азамат болып қалыптаса алады.

 Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Тіл туралы саясатты жүзеге асыруға қатысты көптеген шаралар қолға  келе жатыр. Халықаралық  « Қазақ тілі»  қоғамының президенті, Ұлттық құрылтай мүшесі  Рауан Кенжеханұлы өз сөзінде  «Тәуелсіздік пен Тіл қатар тұратын тең ұғымдар.  Біз үшін бірдей қастерлі ұғымдар.  Сондықтан,  біз Тәуелсіздікті қорғауда қалай белсенді болсақ, тілге де тура  сондай белсенділік, табандылық танытуымыз керек.  Өйткені, тіл жоқ жерде тәуелсіздік жоқ. Қазақ тілінің Тәуелсіз  Қазақстаннан басқа  өркен жаятын, дамитын, орын алатын  жері жоқ» .

Жақында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігіінң Жетісу облыстық филиалы, Талдықорған қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, қоғам белсенділері, тіл жанашырлары мен газет тілшісінен құрылған жұмыс тобы шаһардағы бірнеше көшелерді аралап шықты. Негізгі мақсат- кәсіпкерлік нысандардағы мемлекеттік тілдің қолданысы болатын. Кәсіпкерлерге көрнекі ақпарат бойынша әдістемелік түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Нақтырақ айтқанда, «Florins» гүл дүкені,       «ГУМ» сауда үйі, «Шарм» бас киім дүкені, «Home Style» үй жабдықтары дүкені, «Шапағат» сауда үйі, «Divera», « Invivo»  медицина орталығы, шаштараз, сұлулық салондары, дәріхана, «Шесть соток» тұқым дүкені, «Карапуз» балалар дүкені, тапсырыс дүкендері, «Бишкек молочная продукция» сүт өнімдері  дүңгіршегі, тағы да басқа шағын және орта бизнес өкілдеріне тиісті заңнамалық құжаттар ұсынылып, түсіндірме жұмыстары жасалды. Айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының баптарына сай орындалуы түсіндірілді.

Ләзат Нұрсағиқызы, «Халықаралық   «Қазақ тілі»қоғамы» ҚБ Жетісу облыстық филиалының жауапты хатшысы: — Біз бұл жолы көрнекі ақпарат құралдарын ретке келтіру бойынша облыс орталығында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлік нысандарға барып, жазбаша хат табыстадық. Олардың  мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында бірлесе жұмыс жасауға ниетті екендіктерін байқалды. Президентіміз Ұлттық құрылтайда «мемлекеттік тілдің қажеттілігін ұлғайта түсуіміз керек» -деді.  Мемлекет басшысының осы сөзін басты темірқазығымызға айналдырсақ жөн болар еді.  Біздің ойымызша,  осы «қажеттілікті» тудыра білу – өз қолымызда, ол тек  талап қойған жағдайда  ғана туындайды.  Президентіміздің тіліміздің «қажеттілігін арттыру»  туралы айтқан ойын қолдаймын. Талап пен қажеттілік бар кезде  ана тіліміз өркендейді. Ал өркендету ісінде бірлескен жұмыстар қажет».

Сандуғаш Арнайқызы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы: « Бұл шара —кәсіпкерлік салада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының талаптарын түсіндіру және көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру мақсатын көздейді.
Шара барысында мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның кәсіпкерлік саласында қолданыс аясын кеңейту, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін орналастыру туралы заңнама талаптары түсіндірілді».

 «Жарнама туралы», «Тұтынушының құқықтары туралы» заңдар талаптарының сақтала бермейтіні байқалды. Мұның сыртында қалай болса солай жазылған жарнама, көрнекі ақпарат мәтіндері кездесті. Атап айтқанда, стилистикалық, орфографиялық, фонетикалық, грамматикалық қателер, тілдік нормалардың сақталмауы   жиі көзге түсті. Жалпы жарнама, көрнекі ақпараттың берілуінде бірізділік жоқ. Олардың бірі латын қарпімен жазылса, енді бірі кирилицамен берілген. Кейбір көрнекі ақпараттардың аудармалары дұрыс емес. Мысалы,орысша «интернет» сөзін тура солай   тәржімалай салған.  Атаулардың қазақ тіліндегі нұсқасы көптеген нысандар маңдайшаларында, сыртқы жарнамаларында, көрнекі ақпараттарында орыс тілінен кейін жазылған.

Әр сауда үйлеріндегі әкімшілермен сөйлескенде жіберілген кемшіліктерді түзейміз деді. Ал, Қабанбай көшесіндегі асхана жұмысшылары қызметтерін көрсетіп ілген көрнекілікте «Құырдақ» деген сөздің дұрысы «қуырдақ» емес пе?  Шалқар есімді сол жердің жұмысшысы «Мұны біз жарнама агенттіктеріне тапсырыспен жасаттық. Солар неге қатесіз жазып бермейді» деп өзімізге қарсы сұрақ қойды. Әрине,  ақша алып жарнама жасайтын мекемелер неге соншалықты өз істеріне немқұрайлы қарайды? Халық көп келетін асхана болғандықтан жіберген қателік көзге  бірден көрініп тұр.

Жұмыс тобы Талдықорған қаласы көшелеріндегі сауда орындары мен бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап көрнекі ақпарат, жарнама, тауарлардың арнайы мәліметтер көрсетілген тауарлық жапсырмалары (этикеткаларында), таңбаламалары мен нұсқаулықтары мәтіндерінің Қазақстан Республикасындағы «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес сауатты ресімделуі бойынша әдістемелік көмек көрсетті.

 Нәтижесін де айта кеткен жөн болар.  «РЕТРО» кафесінде жіберілген қателіктер түзетіліп, жаңартылды.  Сол сияқты «KONTAKT» ұялы телефон  қызмет көрсету орталығы,  «ГУМ» сауда үйі, «MEDICAL STYLE»  медициналық  киімдер бөлімі, «City Plus» сауда орталығында орналасқан «BABY SHOP» балалар аяқкиімі дүкендерінде орын алған қателер түзетіліп,  жарнама және жапсырмалар ретке келтірілді.  Дүкендер,  сауда орталығы,  медицина орталықтары, шаштараз,  сұлулық салоны,  дәріхана кешендері,  балалардың киім дүкені,  интернет арқылы тапсырыс алу дүкені, дәмхана т.б  шағын  және орта бизнес өкілдеріне тиісті түсіндіру парақшалары ұсынылды. Кейбірі жарнамалық қателіктерін бірден түсініп, түзетті де.

«Тіл туралы заңның 21-бабында көрнекі  құралдар, ауызша ақпарат, жарнама-хабарландыру, баға көрсеткіштері, ас мәзірі, нұсқағыштар  алдымен мемлекеттік тілде, содан соң қажет болған жағдайда өзге тілде беріледі делінген.   

Ал «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V ҚР Заңының 75-бабында Тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық та көрсетілген. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған іс –әрекет үшін  айыппұл салынады. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға-5,орта кәсіпкерлік субъектілеріне-10,  ірі кәсіпкерлік  иелері болып табылатын заңды тұлғаларға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жарнама қойылатын талаптар бар. Мәселен, жарнама жалпыға бірдей түсінікті болуы керек.  Жарнама мемлекеттік  және орыс тілдерінде, сондай-ақ, жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады.

Қуаныштысы, сол сын иелері  ескертпелерді түсіністікпен қабылдап, олқылықтарды түзеуге құлшыныс білдірді. Бұл тіл тазалығын сақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында осындай жұмыстардың қажеттігін көрсеттіСондықтан, алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасын таба берсе құба-құп. Заң талаптары баршамызға ортақ. Мемлекеттік тілдің басымдығына күш салу – ортақ мүддемізге айналуы тиіс. 2023 жылдың қазанында  Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жетіжылдық тұжырымдамасы туралы қаулысы жарияланған болатын. Әрине, осы тұжырымдамаға  көп үміт артқанымыз  рас. Бұл, тіл мәселесі- біздің еліміздің ең жанды жері, ең маңыздысы  мемлекеттік  деңгейде болғандықтан, соған лайық елдік әрекет,  үлкен серпіліс болар деген сенімдеміз.Себебі  тілге құрмет — елге құрмет екендігін ұмытпайық.

                                                                                                       Данагүл  Мәкен

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз