Өңір шаруашылықтары қант қызылшасы алқабының көлемін ұлғайтады

76

Талдықорғандағы шаруа қожалықтарының бірі қант қызылшасы егістігінің көлемін бірден екі есе ұлғайтуда. Мұндай мүмкіндікке шаруашылық заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен сапалы тұқымдарды қолдану, сол сияқты агротехнологияларды сақтау арқылы қол жеткізіп отыр. Шаруашылықтардағы  қант қызылшасын себу барысымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Самай» ШҚ басшысы Еркінбек Сіләмовтың айтуынша, биылғы жылы шаруашылықтың 40 гектардан астам жеріне қант қызылшасы себілуде. «Біздің жеріміз тасты. Сондықтан техникасыз ештеңе жасай алмаймыз. Топырақты арнайы өңдемесе, ештеңе өспейді. Алдымен тас жинайтын техниканы жібереміз, бір жүріп өткенде ол шамамен 2 тонна тас жинай алады. Содан кейін біз топырақты қопсытатын, арамшөптердің тамырларын алып тастайтын компакторды қолданамыз. Ол топырақты жұмсартады. Осыдан кейін ғана тұқым сепкіш жүреді. Біз «Conviso Smart» брендінің тұқымын екінші жыл қолданамыз. Шығымы, өнімділігі өте жақсы. Өткен жылы қант қызылшасын 20 га ексек, биыл 40 га астам егуді жоспарлап отырмыз. Әр гектарынан 450 центнерден алып, Көксу қант зауытына 900 тонна өңдеуге тапсырдық. Биыл кем дегенде 2 мың тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», – деп Е. Сіләмов тәтті түбір өсірудегі жетістіктерімен бөлісті.

Фермердің айтуынша, шаруашылықта 15 трактор және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының заманауи түрлері бар. Қолда бар техника жеткілікті, бірақ оны да үнемі жаңартып отыру қажет, олай болмаса жоғары өнімділікке қол жеткізу мүмкін емес дейді шаруашылық жетекшісі. Сонымен қатар фермер ауыспалы егіс принципі қатаң сақталатынын атап өтті. Шаруашылық биылғы жылы қант қызылшасынан басқа 100 гектарға дәнді дақылдар, 300 гектарға соя, 60 гектарға жүгері, 50 гектарға көпжылдық шөптер екпекші. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығымен қатар «Самай» ШҚ ірі қара мен жылқы өсіреді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорнында 25 адам жұмыс істейді.

Фермерлермен әңгімелескен Бейбіт Исабаев қант қызылшасының отандық тұқымын пайдаланудың перспективалары жайлы мәселені олармен бірге талқылап, қызықтырған сұрақтарына жауап берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз