Жетісуда оқушылар тасымалына арналған автобустар табысталды

219

Талдықорған қаласында Жетісу облысының 5 ауданына оқушылар тасымалы үшін жаңа автоубустар берілді. Салтанатты іс-шарада 5 автобус кілтін  Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов табыстады.

— Өткен жылы шалғай елді мекендердегі балаларды тасымалдау үшін республикалық бюджеттен 53,4 млн. теңгеге 7 автобус лизингке алынып, соның екеуі былтыр берілсе, қалған 5-еуін бүгін табыстап отырмыз. Сол сияқты 2023 жылы жергілікті бюджеттен 223 млн.теңге бөлініп, тағы 5 автобус сатып алынып берілген болатын. Бұл шаралар өз кезегінде оқушылардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына жағдай жасап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді деп ойлаймын, — деді М.Сүлейменов.

Осы күні 24 орынды 5 автобус Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарының мектептеріне берілді. Енді бұл арнайы көліктер Ақсу ауданы Ю. Гагарин атындағы орта мектебіне Қызылжар ауылынан, Алакөл ауданы Теректі орта мектебіне Талдыбұлақ, Үшбұлақ ауылдарынан, Ескелді ауданы Балпық би атындағы орта мектебіне Теңлік, Теректі, Бөктерлі ауылдарынан, Қаратал ауданы Қ. Байсейітов атындағы орта мектебіне Айдар ауылынан, Көксу ауданы №12 орта мектебіне Айнабұлақ стансысынан, Кемертоған ауылы разъездінен оқушыларды тасымалдау үшін қолданылатын болады.

Автобустардың бәрі интеллектуалды автоматты қауіпсіздікті тексеру жүйесімен, екі қауіпсіздік белдігі бар орындықтарымен, салонның артындағы авариялық шығу есігімен, санитариялық-эпидемиологиялық қондырғымен  және де басқа қажеттіліктермен жабдықталған.

Жалпы, облыста 336 жалпы білім беретін мектеп бар, онда 129 мыңнан астам  оқушы білім алуда. Қазіргі уақытта  мектебі жоқ елді мекендер мен саяжайлардағы 1708 оқушыны тасымалдау ұйымдастырылған. Аталған білім алушыларды 67 автобус тасымалдайды. Сол сияқты облыстағы бар 32 бастауыш мектепті оңтайландыру жұмысы қолға алынып, облыс әкімімен бекітілген арнайы жол картасы бойынша бастауыш мектептерде оқитын оқушыларды негізгі және орта мектептерге тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуды. Сол үшін жергілікті бюджеттен қосымша тағы да 10 автобус алуға қаражат бөлінген. Енді әр аудан өздері көлік сатып алады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз