Талдықорғанда тұратын соғыс ардагері Ысқақ Құсайынов атамыз мерейлі 100 жасқа толды

342

Талдықорған қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Ысқақ Құсайынов биыл 100-ге толып отыр. Ардагерді облыс әкімінің   орынбасары Марлен Көлбаев арнайы құттықтап қайтты.

Ардагерге игі тілегін білдірген М. Көлбаев облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолы қойылған құттықтау хатты мерейтой иесіне тапсырып, иығына шапан жапты, естелік сыйлықтар табыс етті. Облыс әкімінің құттықтау хатында: «Өзіңіздей Отан алдындағы әскери борышын адал атқарған, еселі еңбектің жемісін көрген азаматтарды біз ұрпаққа әрдайым үлгі етеміз. Сіздің  ерлік істеріңіз, жемісті қызметіңіз, адами қасиеттеріңіз – бәріміз үшін тәлімді де тағылымды жол», — делінген.

Ысқақ Әбілпейісұлы 1924 жылы Көлбай ауылында дүниеге келген. Ол 18 жасында соғысқа өз еркімен аттанды. Украина майданында және Амур флотының Зенит дивизиясында ұрысқа кірді. Әскери қызметі үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болды. Кейін Кеңес-Жапон соғысына қатысып, 1947 жылы елге оралды, шаңырақ көтеріп. Біраз уақыттан соң Лепсі педагогикалық училищесіне оқуға түсті. Оны сәтті аяқтап, 40 жылға жуық өмірін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады. ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы және Еңбек Қызыл Ту ордендеріне, Жуков, «Еңбек ері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарына, басқа да бірқатар елеулі марапаттарға ие болды. Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, бірқатар мектеп оқулықтарының авторы.

Ысқақ Әбілпейісұлының зайыбы Бақыш Нұратаева да ұзақ жыл мектеп мұғалімі болды. Қызы мен немересі өздерінің жолын қуып, білім саласында еңбек етті. Бүгінде ардагердің 9 немересі, 26 шөбересі, 3 шөпшегі бар.

 Өткен жылы Ысқақ Құсайыновқа облыс орталығындағы жаңа шағын ауданнан бір бөлмелі пәтердің кілті табыс етілген болатын. Тағы бір атап өтерлігі — 2023 жылы Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі қатарындағы 8 адамға Жеңіс күніне орай біржолғы материалдық көмек беруге бюджеттен 12 миллион теңге, яғни әр ардагерге 1,5 миллион теңгеден бөлінді. Сондай-ақ ҰОС ардагерлері тұрақты түрде санаториялық-курорттық еммен тегін қамтылып, коммуналдық шығындары өтеледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз