Бүгінде Талдықорған тұрғындарын табиғи газбен қамту ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Нақтырақ айтсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын төрт кезең бойынша қолға алынған құбыр тарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Жақында ғана аталып өтілген Талдықорғанның Қала күні қарсаңында облыс орталығына қарасты Үйтас саяжайының тұрғындарына табиғи газ беріле бастаса, енді міне ұлтымыздың ұлы мерекесі Республика күнінің құрметіне Өтенай ауылдық округіне қарасты «Жастар -2» шағын ауданы көгілдір отынға қосылды.
Салтанатты шарада жиналған жұртты жүрек жарды қуанышымен құттықтаған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл ізгі тілегін жеткізді.
Осы орайда шаһар басшысы: – Біз қаламызды газдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеміз. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін қаланың барлық аймағына газ тартпақпыз. Соның ішінде, «Жастар-2» тұрғын үй алабы жобасы 2022 жылы басталған болатын. Оған 295 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 22 шақырымға газ құбыры тартылды. Осылайша бұл 526 абонентті газға қосылуына мүмкіндік береді. «Жастар-2» тұрғын үй алабының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Атап айтқанда, 2018 жылы таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 21 шақырым болатын су құбыры тартылып, бүгінде тұрғындар 100 пайыз ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ, тұрғын үй алабын абаттандыру мақсатында 2019 жылы 514 заманауи үлгідегі жарық бағаналары орнатылып, 16 көшені толық қамтып отыр. Бұдан бөлек, жолдың сапасын жақсарту үшін, 13 көшенің 11,2 шақырымына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тұрғын үй алабында 900 орынды мектеп құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталатын болады», –деді.
Әсет Серікұлының айтуынша, қазір Жетісу облысы бойынша табиғи газбен қамту жұмыстары екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін аймақтағы барлық елді мекенді көгілдір отынмен толық қамту көзделген. Сонымен бірге алдағы уақытта өңірді одан әрі газдандыру мақсатында Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарын газдандырумен қамтитын «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын салу жөніндегі ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды бастау жоспарда.
Мамандардың мәліметінше, «Жастар-2» шағын ауданында 526 үй, 2 мыңнан аса тұрғын бар. Газ тарту жұмыстарын 2022 жылдан бастап «Рем Строй» ЖШС-і қолға алған. Енді қазір «Жастар -1» шағын ауданы және Ынтымақ, Мойнақ ауылдарында газбен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы қаланың 58 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.
«Жастар-2» шағын ауданына газ жіберуге жиналған қауым алдында көпшілік атынан сөз алған ауыл тұрғыны жалпы осы іске ұйытқы болған аймақтағы атқамінер азаматтарға алғысын жеткізсе, ақсақалы ақ батасын беріп тарасты.
Айдын КӘЛІМХАН.