Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде «Психикалық аурулардың алдын алу және емдеу бойынша қабылданатын шаралар» тақырыбында брифинг өткізілді. Жетісу облысы психикалық денсаулық орталығының балалар психиатры Дидар Аушинов пен психолог Татьяна Магай психикалық бұзылыстардың алдын алу мәселесі турасында айтып берді.
Мамандардың айтуынша, барлық ауруларға алдын алу шараларын қолдану керек. Психикалық бұзылулар да ерекшелік емес. Психикалық денсаулық, физикалық денсаулық сияқты, адамның жалпы әл-ауқатының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан оның тұрақтылығын сақтау өте маңызды.
Психикалық аурулардың алдын алудың негізгі және қосымша шаралары бар. Бастапқыларға психикалық аурудың дамуын болдырмауға бағытталған бірқатар әрекеттер жатады. Сондай-ақ, бар аурудың қайталануын болдырмау үшін оларды науқас емдеу курсын аяқтағаннан кейін маман жеке тағайындайды.
Адам әрдайым дұрыс демалуға көңіл бөлуі тиіс, мәселен, 8 сағат ұйықтау керек. Жақсы көретін іспен айналысу, отбасылық қарым-қатынастарға байыппен қарау, себебі, жақын адамдармен жанжалдасу, ұрыс-керіс психикалық бұзылуларға әкеп соғады.
Кез келген адам күйзеліске түсіп, шешімін таппай жүрген мәселелерін бөліскісі келсе мамандарға (психолог, психиатр, психотерапевт) барудан қорықпаған жөн. Бізде бұл мамандарға «есі дұрыс емес» адамдар барады деген теріс ұғым бар. Бұл дұрыс емес.
Сондықтан да, ауру белгілері болса ерте бастан анықтаған дұрыс. Балаларды қолдау, әйелдер үшін әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерді қамту, егде жастағы адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету ( мысалы достық бастамалар, күндізгі орталықтар, қарттар орталықтары), табиғи апаттардан зардап шеккендерге, осал топтарға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылады.
Мектептерде психикалық денсаулықты нығайту жөніндегі іс-шаралар, кей мекемелерде, емханаларда жұмыстағы психикалық денсаулыққа араласу (мысалы, стресстің алдын алу бағдарламалары), зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламалары (мысалы, қоғамдық полиция бастамалары), қоғамдастықты дамыту бағдарламалары жұмыс жасайды.
Жоғарыда келтірілген кеңестерді орындау арқылы сіз өзіңізді психикалық бұзылулардан қорғап қана қоймай, сонымен қатар физикалық денсаулығыңызды жақсартасыз. Егер сіз өзіңізде немесе жақын адамдарыңызда психикалық бұзылуларды байқай бастасаңыз, дереу маманмен кеңесу ұсынылады.