Жетісу облысы Талдықорған қаласында келесі жылы 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығы ашылады, бұл әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ. Бұл туралы Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара барысында айтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында салынып жатқан көпфункционалды кешен жан-жақты сауықтыруға, медициналық оңалтуға және уақытша тұруға арналған. Бұл – өңірдегі осындай алғашқы нысан, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиналған қауымды өңір басшысының атынан кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы еңбегінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап айтқанда, жаңадан салынып жатқан оңалту орталығына жолдама азаматтардың тіркелген жері бойынша және дәрігердің шешімі негізінде беріледі. Орталықтың бірінші блогында белсенді демалыс пен дене шынықтыру арқылы оңалтуға жағдай жасалып, сауықтыруға арналған жүзу бассейні орналастырылады. Екінші блокта спорт залы мен мәдени демалысқа арналған көрермен залы қарастырылған. Ал негізгі блок медициналық және оңалту қызметтерін көрсетуге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, жеке блоктарда асхана, орталыққа келушілердің уақытша тұруына арналған бір және екі орындық бөлмелер орналасады.
Орталықта қозғалысы шектеулі азаматтар үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.
– Бұл орталықтың құрылысы өңірдегі мүгедектігі бар адамдарды қолдау бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі, сондықтан облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Жалпы, өңірде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Ал келесі жылы Талдықорған қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған оңалту орталығы пайдалануға берілгенде осы бағыттағы жұмыстардың жаңа кезеңіне жол ашылады, – деді М.Көлбаев. Сондай-ақ ол әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлеріне еселі еңбектері үшін алғыс білдірді.
Кәсібилігі, адал еңбегі және әлеуметтік саланың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін 40-қа жуық адам марапатталды. Оларға «Салаға қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары және басқа да марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, Ескелді ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Үздік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Панфилов ауданының «Мансап» орталығы «Үздік мансап орталығы» номинациясын иеленсе, Сарқан ауданының «Нұр» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы да үздік деп танылды.
Салтанатты іс-шараға қатысушылар пікір білдірді. Солардың бірі – Көксу ауданының әлеуметтік қызметкері Гүлфара Құлахметова:
— Мен әлеуметтік жұмысты ең алдымен, адамдарға қамқорлық көрсету деп білемін. Осы салада 25 жыл еңбек ете жүріп, жылы сөздің, көңіл бөлудің, көмекке әзір болудың қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздім. Кейде адамға тек практикалық қолдау ғана емес, адами жанашырлық, ішкі алаңын бөлісу, жалғыз емес екенін сезініндіру қажет. Біздің мамандығымыздағы ең басты нәрсе – әр адамға құрметпен, сабырмен, түсіністікпен қарау. Көрсеткен көмегіңнің шынымен қажет екенін әрі пайдасы тигенін көргенде, еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің, – дейді ол.
Жалпы, Жетісу облысының әлеуметтік қорғау жүйесінде 2600-ге жуық адам еңбек етеді, олардың 400-ден астамы – әлеуметтік қызметкерлер. Өңірде осы бағытта 17 мекеме жұмыс істесе, онда жалпы саны 2 мыңға жуық адам арнаулы әлеуметтік қызметтер алады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Қанат Өмірәлинов,
cол сияқты эскиздік жоба иллюстрациялары пайдаланылды.




























