Балалар саудасына қарсы іс-қимыл

1461

Өңірлік ақпараттық алаңында «Жетісу облысындағы балалар саудасына қарсы іс-қимыл шаралары» тақырыбында баспасөз мәслихат өтті.  Бұл жолы жиынға  «Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ президенті Жанар Нұрмұханова және Жетісу облысы полиция департаментінің жедел уәкілі, полиция капитаны Қуаныш Тұрсынжан келіп, өз жұмыстары турасында баяндады.

Жанар Болатқызы: «Біздің ұйымның негізгі қызметі адам саудасының құрбандары мен осал мигранттардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оларға психологиялық оңалту және құқықтық көмек көрсетуге, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған.  Еңбек мигранттары көп келетін елдер қатарындамыз.  Мамандардың есептеуінше,  елімізге жыл сайын 2 миллионнан астам адам негізінен жұмыс мақсатында қоныс аударады. Ересек адамдар көбіне, балалармен бірге келеді. Көші-қон процесіне тартылған балалар мигранттардың ең осал санаты болып табылады. Балаларға келетін қауіп көп. Себебі, кәмелетке толмаған,   әсіресе, ата-анасының қамқорлығынсыз, азаматтығы жоқ болса, олар ересектермен салыстырғанда зорлық-зомбылыққа, еңбек қанауына түсу  және қамауға алыну тәрізді жағдайларды  бастан кешіреді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап біздің ұйым АҚШ Мемлекеттік департаментінің Адам саудасын бақылау және күрес басқармасының қаржылық қолдауымен «Жетісу өңірінде бала саудасымен күресу» жобасын жүзеге асыруды бастады»,- деді.

Бұл жобаның мақсаты — адам саудасының құрбаны болып, қиын өмірлік жағдайға тап болған мигрант балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету. Сондай-ақ,  жоба  аясында оларды анықтауға, көмек көрсетуге, жастарды бала саудасы проблемасы және өзін қалай қорғау керектігі туралы ақпараттандыру,  «Қауіпсіздіктің ABC» әдістемелік құралын шығару және тарату жұмыстары қолға алынады. Ұйым басшысының айтуынша,  қажет болған жағдайда құқықтық және психологиялық кеңес беру. Жетісу өңіріндегі адам саудасынан зардап шеккен балаларға, еңбек мигранттарымен бірге жүретін балаларға және олардың отбасыларына кейстерді басқару технологиялары негізінде жеке қажеттіліктерді ескере отырып қызметтерді анықтау және көрсету механизмі күшейтілетін болады.

Сондай-ақ, Жетісу облысы полиция департаментінің жедел уәкілі, полиция капитаны Қуаныш Айдарұлының айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 24 ақпанындағы арнайы  қаулысымен бекітілген «Адам саудасына байланысты қылмыстың алдын алу, жолын кесу және оған қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» тармақтарын орындау бойынша жұмыстар атқарылуда.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша республикалық  «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліпті. Криминалдық, әкімшілік, көші-қон полициясы және жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Жетісу облысы аумағында 115 обьектілер (шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы алқаптары, қыстақтар, құрылыс обьектілері және т.б) еңбекке мәжбүрлеу фактілерін анықтау мақсатында тексерулер жүргізілді.

Сонымен қатар, осы  жылдың 18 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізілген «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ПД қызметкерлері арасынан мобильді топтар құрылып, аудан, ауыл аймақтарында тексеру жұмыстары жүргізілген.

 Жезөкшелікпен, жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жайлар беру мақсатында көңіл көтеру орындарында, монша кешендерінде, сауналарда, қонақ үйлерде жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде ұйымдастырылып отырады. Нәтижесінде ІІО арнайы есебіне қойылады.

Аталған іс-шараларға Жетісу облысының «Әйелдердің құқығын қорғау» үкіметтік емес ұйымының қызметкерлерімен бірлесіп облыс аумағында тұрақты түрде акциялар, профилактикалық түсіндіру жұмыстары өткізіліп, тұрғындарға тақырыпқа сай брошюралар таратылды. Баршаға мәлім, екі баласын сатпақ болған әйел ұсталған болатын. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымының қызметкерлерімен, прокуратура, еңбек инспекциясы қызметкерлерімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Қазақстан фермерлер қауымдастығы және жергілікті мешіттердің имамдарымен осы бағытта мобильді топ құрылып, тиісті іс-шаралар атқарылуда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз