Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Жастар» орталығымен бірлесіп, қазақ халқының ұлт азаттығы жолындағы күресінің көрнекті тұлғасы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай «Алаштың ардақтысы – Әлихан Бөкейхан» атты оқырмандар конференциясы өткізілді.
Конференция аясында ұйымдастырылған «Алаштың ардақты перзенті» атты кітап көрмесінде алаш қозғалысының тарихы, Әлихан Бөкейханның өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен ғылыми еңбектері жайлы құнды деректер мен қатар «Әлихан мұрасы – мәңгілік мұрат» атты мазмұнды бейнеролик ұсынылды.
Конференцияға қонақтары І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері, тарих ғылымдарының кандидаты Буланов Ержан Олжабайұлы, «Авиценна» медициналық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Жүнісов Мәжікен Адамұлы және №27 орта мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Мұқсипа Аяжан Нұрқатқызы Әлихан Бөкейханның, алаш көсемінің халқының азаттығы мен өркениетті болашағы жолында аянбай еңбек еткенін, ұлт бірлігі мен білімнің маңызын жоғары бағалағанын атап өтті. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханның публицистикалық, ғылыми еңбектері мен саяси көзқарастары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын, оның ұлт мүддесін қорғаудағы батылдығы мен қайсарлығы үлгі екенін ерекше атап өтті.
Ұлтқа адал қызмет етудің биік үлгісін көрсеткен Әлихан Бөкейханның өмір жолы мен өнегесі жас буынды білімге ұмтылып, туған елінің шынайы патриоты болуға, Отанға адал қызмет етуге үндейтіні айтылды.
Аталған шараға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ұстаздар мен қала жастары қатысып, рухани маңызы зор басқосуда тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.
Айман Кожабекова,
Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы
орталық кітапханасының кітапханашысы





























