Аталар ерлігіне  мың тағзым

123

Әлемнің 60-тан астам мемлекетін шарпып, 70 миллионнан астам адамның өмірін қиып кеткен екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл  80 жыл толып отыр. Соғыс жүрген 1418 күнде майдан алаңына Қазақ КСР-нан 1,2 миллионнан астам сарбаз барған. Майданға аттанған қазақстандықтардың жартысы елге оралған жоқ. Ерліктері үшін 499 қазақстандық марапатталса, олардың ішінде 99-ы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы атағын алды. Сондай-ақ, 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанды. Ерлік пен елдікті, батырлық пен табандылықты ту еткен батыр аталар есімі ұмытылмайды. Жеңістің 80 жылдығына арналаған шара Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен оқушылардың қатысуымен  Ардагерлер үйінде өтті.

Облыстық, қалалық ұйымның төрағалары, мүшелері қатысқан шараға оқушылар мен ұстаздар да өзіндік үлес қосты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт,  Талдықорған  қалалық кеңестің төрағасы Ақшабай Керімбеков,  осы ұйымның жауапты хатшысы Балғаным Оспанбекқызы, Есенбала Аргенова, Нұртай Шынғожанова  майданға аттанған әкелер мен аналарды еске алды. Ардагерлер қатары бүгінде сиреп барады. Қалада тұратын соғыс ардагері 3-еу болса, жуырда Сәрсенбай Қаңтарбай қайтыс болды. 1942 жылы 88 қазақстандық 11-15 жас аралығындағы қыз балалар Сталингард майданына жіберіледі. Солардың арасында Есенбала Аргенованың анасы Нұрғайша апамыз да болған еді. «Анам қан майданнның ортасына түседі.  Айнала өліп жатқан солдаттар, қан иісі, басында жүрегіміз айнып, құлап қалатынбыз деп еске алатын» дейді. Трактор зауытына барған жас қыздар соғыс біткен соң 1946 жылы елге оралады.1976 жылы сол соғысқа  бірге аттанған 88 қыздың 16-сы Алматыда бас қосады. Бір-бірімен жылап көріседі.

20 жыл ардагер кеңесінде қызмет жасаған соғыс және еңбек ардагері  Оспанбек Боранбаев туралы қызы Балғаным, ата ұрпағы, шөбере Таир Оспанбеков тамаша естеліктер айтты.  Соғыс ардагерлері Филипп Адинбековтің шөбересі, №16 ОМГ оқушысы  Софья Адинбекова,  Николай Резниковтің ұрпағы, №16 ОМГ оқушысы Тимофей Афонин, Михлик Алексей Максимович- шөбересі Максим Краснов,  Степан Малеванный – шөбересі Анастасия Дудкина  өз аталарының ерлік істерін мақтан ететіндіктерін айтты. Ақшабай Дүйсенбекұлы белсенділік танытқандарға естелік кітапты тарту етті.

Жалпы айтқанда,  бұл  №16 мектеп-гимназиясының директоры орынбасары Гүлжан  Мұратбаева мен тарих пәні мұғалімі Зулейха Хаджиеваның бастамасын қалалық ардагерлер кеңесі қолдаған шара еді. Шара барысында «Жеңіс тарихы» халықаралық фестиваль Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілетіндігі жайлы да баяндалды. Фестиваль  мақсаты — соғыста хабар-ошарсыз кеткен адамдар жайлы, тылдағы қажырлы еңбек туралы естеліктер, ойлармен бөлісіп, достық, татулық қатынасты дамыту болып табылады.  Шара соңында Ардагерлер хоры патриоттық әндерді көрермендермен бірге  шырқады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз