Жеке тектік қор иелері және әлеуетті қор құрушыларға арналған шара өтті

211

Шілде айының 10 жұлдызында «Жетісу облысының мемлекеттік архиві»  ғимаратында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Жетісу облысының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Тарих. Тұлға. Архив» атты жеке тектік қор иелері және әлеуетті қор құрушыларға арналған дөңгелек үстел шарасы болып өтті.

Шараға республикамыздың, облысымыздың дамуына ерекше үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдері жеке тектік қор иелері және әлеуетті қор құрушылар,  мемлекеттік архивтің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел өткізудегі мақсат жеке тектік құжаттарды зерттеу, атақты адамдардың өмірі мен қызметіндегі тарихи факторларын зерделеу, қазақ ұлттық интеллегенциясының қалыптасуына, ғылымның дамуына маңызды үлес қосқан тұлғалардың жеке және отбасылық өмірін зерттеуге деген қызығушылықты арттыру және болашақ ұрпаққа осы құжаттардың негізінде жеке қор иелерін таныстыру және насихаттау. Архивтерде сақталған әрбір құжат тарих айнасы, мемлекеттік архивке сақтауға түскен құжаттарды архив қызметкерлері ұқыптылықпен сақтап, пайдаланады. Шара барысында келушілер назарына көрме ұсынылды, архив қоймаларына саяхат жасалды.

Қор жасаушылар өздерінің жеке қорын бірнеше жыл бойы құрастырғанда, тек қызметтеріне қатысты құжаттарды ғана емес, сонымен бірге өз шығармашылығында пайдаланған, Қазақстанның және басқа елдердің тарихтарына қатысты басқа да қызықты құжаттарды жинайды. Осылардың кейбіреулері ешқашан жарияланбаған құжаттар да болуы мүмкін. Бұл қорлар мемлекеттік, қоғамдық мекемелер мен ұйымдардың архивтік қорларын ерекше және едәуір мазмұнды ақпаратпен толықтырады.

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеке тектік қор құжаттары архивке өткізілу барысында жеке қор, отбасылық қор, коллекция негізінде қабылданып, құжаттар сала бойынша бөлінеді. Мәселен, қор құраушының өмірбаянына қатысты құжаттар. Жеке, қызметтік, отбасылық хат алмасулар. Яғни республика, облыста әр салада еңбегі сіңген  жеке қор иесі өнер және қоғам қайраткерлері, яғни ғалым, ақын, ұстаз, дәрігер, спортшы, суретші, жазушы, т.б. маман иесінің хаттары мен естеліктері тізімдемеге жазылып, мемлекеттік сақтауға алынады. Шығармашылығына байланысты құжаттар: жеке қор иесінің жарық көрген кітаптары, жинақтары, т.б. еңбектері болуы мүмкін. Қор құраушы туралы құжаттар: журнал, газеттерде жарық көрген мақалалар. Қор құраушының қорында жатқан өзінің қажетті және керекті тақырыптарға байланысты жинаған құжаттары, яғни мақалалар, әдістемелік нұсқаулықтар, зерттеу жұмыстары. Қор құраушыға сый жазбаларымен берілген кітаптар, брошюралар, фотосуреттер қабылданады.

Жетісу облысының мемлекеттік архивінде  көрнекті қоғам қайраткері Бәтима Сақауованың жеке қоры, Социалистік Еңбек Ерлері коллекциясынан Нұрмолда Алдабергенов және Зылиха Тамшыбаева, Жетісу жерінде тұңғыш «Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері» атағына ие болған өнерлі — Әмірғалиевтар отбасылық қоры, ақын, тарихшы Омарақынұлы Андас және өлкетанушы, журналист Қажет Андас отбасылық қоры, ардагер журналист Болатбек Бисұлтанұлы жеке қоры, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, композитор, дирижер, жеке тектік қор иесі Алпысбаев Әли Демегенұлы,  қазақ тележурналистикасының тарланы, жарық жұлдызы  Бейсен Құранбек жеке қоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық ақындар мен жыршы-термешілер Одағының мүшесі, жеке тектік қор иесі Ғұмаров Төлеужан Нүсіпжанұлының жеке қоры, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің “Құрметті профессоры” Таубалдиева Жұматай Шонкенқызының жеке қоры бар. Яғни, республикамыздың, соның ішінде туған жеріміз Жетісу өңіріндегі Талдықорған қаласының және аудан-ауылдардың дамуына зор үлес қосқан жеке тұлғалардың облыстық архив мекемелерінде 86  (2 215 іс)  жеке қоры мемлекеттік сақтауда. Келген қонақтар шараны ұйымдастырған қызметкерлерге алғыс білдірді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз