Ер есімі-ел есінде

413

Ұлы Отан соғысының ардагері Алтай Ақылбекұлы 1910-1988 жылдары  Жетісу өңірі мен Кербұлақ аудандарына белгілі азамат болған.

Соғыс және  еңбек ардагері Алтай Ақылбеков 1910 жылы бабаларының ата қонысы, қазіргі Шоқан ауылының маңындағы «Көшен тоған» деген жерде дүниеге келген.

Отан соғысының ардагері атақты Сталинград шайқасына қатысқан, соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Ту», «Ленин» ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін» т.б. көптеген медальдармен марапатталған. Айтар болсақ,соғыстан кейін көп жылдар бойы өзі басқарған Доланалы ауылының орталық көшесіне Алтай Ақылбекұлының есімі берілген. Жерленген жері – Кербұлақ ауданы Шоқан ауылы.

Алтай Ақылбеков Абылай ханның 1765 жылы Жетісуды басқаруға жіберген ұлы Әділ Абылайхановтың ұрпағы. Әділ Абылайхановтың  атақты балаларының бірі Ералы сұлтан Алтай Ақылбековтің арғы атасы. Ералы сұлтан 1840 жылдары қайтыс болып, «Көшен тоғандағы» төребейітте жерленген. Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов Тезек төренің ұйғарымымен осы Ералы сұлтанның мазарының жанына жерленген. Осы қорымда Алтай Ақылбековтің аталары Көшен төре мен Сағындық төрелер де жерленген. Ал туған әкесі Ақылбек жақын ағайындарымен бірге қазіргі Кербұлақ ауданы Бостан ауылының маңындағы «Боршабұлақ» деген жерде 1920 жылдары «қызыл әскердің» қырғынына ұшырап, опат болған.

Алтай Ақылбеков – ерекше зерек адам еді, жастайынан жетім қалғанына қарамастан, өздігінен іздене жүріп оқып, ескіше  мұсылманша, жаңаша латынша, соғыс жылдарында орысша білім алған. Арабша, латынша, орысша еркін оқып, жаза алатын Алтай ата тарихшы, шежірешіл, қазақ халқының аңыз-дастандарын, ән мен күйлерін, салт-дәстүрі мен ауыз әдебиет мұрасын жете білетін, өте оқымысты адам болған еді. Жүйрік ат, құмай тазы ұстаған, Алтынемел, Күреңбел өңірінің атақты саятшысы.

Бір өкінішті жағдай — қайтыс боларының алдында өзі айтқан өсиеті бойынша «Көшен Тоғандағы» төребейітте жатқан атасы Сағындықтың қасына жерленбеді. Шоқан ауылының жоғарғы жағындағы бейіттен қайтадан қабір қазылып, сонда жерленді.

 Жыл сайын 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында мектепте  соғыс ардагерлерімен өткізілетін кездесуден кейін, үйге келгенде «Ата, сұрапыл соғыста сыналып, шыңдалған солдат қандай болуы керек?» деп атама сұрақ қоятын едім.

Сонда кеуде тұсындағы соғыс салған жараның орнын сау қолымен сипап отыратын әдетімен, балам, ойлы сұрақ қойғаныңа қарағанда, менің командирім болған Иван Бережнойдың «Солдат должен быть не только храбрым, смелым но и умелым и смекалистым» (Солдат батыр және тапқыр болуы керек) деген сөзінің мағынасын сен де түсініп алатын уақытың келді,- деп айтқан мына әңгімесі есімде.

«Білесің, мен соғыста пулеметші болғанмын. Бірде жаңа шеп құрып, окоп қазып, орналасып жатқанымызда, тексеріп келген командиріміз оң қапталдағы, бізден 50-60 метр жердегі төбешікті нұсқап, сол жерден алдын ала тағы бір пулемет орнын қазуға бұйрық берді. Егер жау шабуылы басталып, күші басым болып бара жатса, менің бұйрығымды күтпестен, сол жаққа позиция ауыстырасыңдар деді.

Кейін белгілі болғандай, бұл оның пулеметті есепке ала отырып, аман сақтап қалу үшін ойластырған тапқырлығы еді. Қиян-кескі ұрыс басталғанда, жан-жақтан анталаған неміс танкілері біздің шебімізді бірнеше жерден бұзып өтуге әрекет жасап бақты.Мен, көмекші жауынгер Василий Сидоренко екеуіміз пулеметімізді жер бауырлай сүйреп, төбешіктің жанында дайындап қойған орнымызға жете бергенде, жанымызға суылдап келіп, әлде миномет, әлде зеңбірек снарярд па, қара топыраққа жартылай шаншыла құлады. Біз шұңқыр түбіне жата қалдық, бірақ жарылыс естілмеді. Сәлден соң оның жарылмай қалғаны белгілі болды.

Пулемет лентасын түзеп жатқан Васяның «слева танк» деген жан даусы шықты. Екеумізде бір бума ғана граната бар еді. Мен дереу каска мен шинелімді шешіп, пулеметшіге ұқсатып орналастырдым да, Васяға төбешіктің ар жағына аунап кет деп белгі бердім. Ондағы ойым, кішкене тесіктен сығалайтын танк жүргізушісінің біздің орын ауыстырып кеткенімізді байқамай қалсын дегенім еді. Ол кете салысымен, өзім жанымыздағы басқа шұңқырға жасырынып, танкті күттім.

Сырты айқұш-ұйқыш боялған, әлдебір суреттер салынған, сұры жаман танк пулемет позициясына ышқына жақындап, жарылмай қалған снярадтың тұсына келгенде, мен жалғыз гранатамды сол жерге дәл лақтырдым да жата қалдым. Жарылыстың күшті болғаны сондай, неміс танкісінің айналмалы башнясы жұлынып түсіп, өзі еңіс жаққа қарай аударыла құлап, өртке оранды. Сол шайқастан кейін біздің   саяси қызметкер (замполит) танк экипажының басқалардан ерекше қауіпті, аса айлакер, қатерлі болғаны туралы, олардың көзін біздің жойғанымызды жоғары бағалап, алғыс  айтқан болатын. Міне, осы батылдығым мен тапқырлығым үшін, маған «Қызыл жұлдыз» ордені берілген еді»- деп атам әңгімесін аяқтаған болатын.

                                                                                Бағдат Ақылбеков, немересі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз