Шынайы ерлік иелері

7

40 жыл ішінде 450-ден астам ядролық жарылыс жасалып, жергілікті халыққа және сол өңірде қызмет еткен әскерилерге зардабын тартқызған Семей ядролық сынақ полигоны тарихымызда өшпес ізін қалдырды. Небәрі 17-25 жас аралығында Отан алдындағы борышын атқаруға аттанған жігіттер еліміздің қауіпсіздігі мен әскери қуатын нығайту жолында қызмет етіп, аса күрделі әрі қауіпті жағдайларда жұмыс істеді.

Семей ядролық полигонында әскери азаматтық борыштарын өтеп қайтқан жігіттердің қатарында Бейсенғазы Тоғызбаев пен Сейдахмет Ақашовтар да болды. Екеуі де әскерге Қапал өңірінің шұрайлы мекені – Арасан колхозынан аттанған еді. Жалпы әскерилердің басым бөлігі жарылыс салдарын зерттеу, әскери инфрақұрылымды қорғау, сынақ аймақтарында тәртіпті сақтау және ғылыми-техникалық топтарға көмек көрсету сияқты міндеттерді атқарғаны белгілі. Олар радиация деңгейі жоғары аймақтарда жұмыс істеп, өз өмірлерін қауіпке тігіп жүрді. Денсаулықтары күрт нашарлап, радиациялық түрлі ауруларға, түрлі созылмалы дерттерге ұшырауының себебі де осы. Соған қарамастан олар өздеріне жүктелген борыштарын адал атқарып, әскери антына беріктігін танытты. Тоғызбаев Бейсенғазы Жанболатұлы 1945 жылдың 25 желтоқсанында ҚХР дүниеге келген. 10 жасында ата-анасы Қазақстанға көш түзеп, Арасан колхозына қоныстанады. Бала Бейсенғазы мектеп табалдырығын аттап, өзімен қатарлас балалардың арасында ойнап-күліп жүріп он жылды араға салып, мектеп түлегі атанады. Шаруашылықты өркендету жолында тер төгіп жүріп еңбек етуді ата-анасынан бойына сіңіріп өскен жігіттің алдағы арманы-әке жолын жалғастыру болды. Білек сыбана іске де кірісті. 1968 жылы әскер қатарына шақырылып, Семей облысына жол тартады. Адамзат тарихындағы ең қауіпті нысандардың бірінде азаматтық борышын өтеп жатқанын білген де жоқ. Алдымен әскери қаруды қолдануға машықтанып, мергендігімен көзге түсті. Одан әрі кез келген істі тындырымды атқара жүріп, қатардан қалыспады. Әскерден оралған соң да өзі өскен ұжымшарда еңбегін жалғастырып, 1972 жылы шаңырақ көтерді. Бүгінде жұбайы екеуі 2 ұл, 2 қыздың ата-анасы атанып, 9 немере, 3 шөбере сүйіп отыр Ақашов Сейдахмет Молдахметұлы 1952 жылы 28 шілдеде Алматы облысы, Ақсу ауданы, Арасан ауылында дүниеге келген. 1959 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1969 жылы орта мектепті ойдағыдай тәмамдап шығады. Араға бір жыл салып, әскерге шақырылған Сейдахмет Молдахметұлы Семей облысындағы әскери бөлімшеде «химик барлаушы» мамандығын игереді. 1971-1972 жылдар аралығында атом бомбасын жаруға қатысады. Азаматтық борышын адал атқарған азамат туған жерге оралған соң ұжымшардың комсомол ұйымына жетекшілік етіп, 1978-1980 жылдары осы колхоздың кәсіподақ ұйымын басқарды. Кейін партия ұйымының хатшысы атанып, 1982 жылы Қапал аудандық партия комитетінің нұсқауымен Арасан-Қапал шипажайының шаруашылық саласын басқарады. 1998 жылы «Мәди» жеке шаруа қожалығын құрып, осы уақытқа дейін еңбектен қол үзген емес. Еңбегі елеусіз қалмады, 1973 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жолдасы Маруа екеуі отбасында 2 бала, 7 немерені тәрбиелеп отыр.

Гүлжанат Мырзалықызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз