Жетісу облысының Алакөл ауданында 3 ауылдық мәдениет үйі салынып жатыр

Жетісу облысының Алакөл ауданында апатты жағдайдағы мәдени нысандардың орнына әрқайсысы 150 орынға арналған үш ауылдық мәдениет үйі салынып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Биыл Жетісу облысында мәдениет саласы бойынша 9 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Соның ішінде 3 мәдениет үйі мен 2 кітапхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ Алакөл ауданының Балапанов, Көлбай, Екпінді ауылдарында үш мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Оларды келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл ретте Бескөл ауылындағы мәдениет үйіне белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Теміржан Базарбаевтың есімін беру — маңызды істің бірі, — деген Б. Исабаев осыған байланысты өз орынбасарына тиісті тапсырма берді.

Осы орайда Екпінді ауылындағы кітапханасы бар мәдениет үйінің құрылысы 90 пайызға аяқталған. Учаске басшысы Талап Рысхановтың айтуынша, қазіргі уақытта ғимараттың қасбетін әрлеу мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталды. Біз апатты жағдайда тұрған ескі ғимаратты бұзып, оның орнына жаңасын салып жатырмыз. Құрылыс алаңында 50-ге жуық жұмысшы, 11 техника жұмылдырылған. Басты мақсатымыз – жергілікті тұрғындардың игілігі үшін заманауи екі қабатты мәдениет үйін уақытында пайдалануға беру, – деді Т. Рысханұлы.

Балапанов пен Көлбай ауылдарындағы мәдениет үйлерінің құрылысы да қарқынды жалғасуда. Мұнда жұмыстар тиісінше 98 және 75 % орындалған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз