«Халықтық құрылыс»: Жетісуда 73 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін жаңа аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды

Жетісу облысының Алакөл ауданында 73 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін орталық аудандық аурухананың жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Алакөл аудандық орталық ауруханасының бұрынғы ғимараты заманауи талаптарға сай келмейтіндіктен, 200 төсек-орынға арналған стационары бар жаңа үлгідегі ғимарат салу туралы шешім қабылданды. Жобаны жүзеге асыруға Инфрақұрылымды дамыту қорынан қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда мердігер ұйым анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Нысанды 2028 жылы аяқталады деп жоспарланған, – деді Б. Исабаев.

Сондай-ақ Қабанбай ауылында «Шуақ» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша ғимараты салынып, пайдалануға берілді.

– Өткен жылы өздеріңіз көтерген өтінішке сәйкес, келесі жылы осы нысанда психоневрологиялық және тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларға арналған 30 орындық күндізгі болу бөлімшесін ашамыз. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына аталған жұмыстарды ерекше бақылауға алуды тапсырамын, – деді өңір басшысы.

Жалпы, соңғы үш жылда Алакөл ауданында 31 жаңа әлеуметтік нысан салынып, тағы 3 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз