Жетісу облысында экономиканы әртараптандыру аясында 2028 жылға дейін 8,5 мың жұмыс орнын құратын, жалпы құны 2,4 трлн теңгелік 93 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Оның 19-ы өңдеу өнеркәсібі саласында іске асырылмақшы, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, жыл соңына дейін Текелі қаласында жылына 20 000 тн арматура шығаратын «Steelers» ЖШС зауыты, «Қорғас — шығыс қақпасы» АЭА «Empire Manufacturing Kazakhstan» ЖШС-ның қуаты 600 контейнер дайын өнім шығаруға жететін пакеттелген кофе және шай өндіретін зауыты іске қосылып, аталған арнайы экономикалық аймақта «Standart steel KZ» ЖШС металлургиялық кешені жаңғыртудың 3-кезеңі іске асырылады. Сол сияқты «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС модернизациядан өткізіліп, кеңейтіліп, бу-газ қондырғысы салынады, ал Талдықорған қаласында «Басқуат ЭнергоПром» ЖШС газотурбиналық станциясының 2-кезеңі аяқталады деп күтілуде.
Агроөнеркәсіптік кешен саласына келсек, су үнемдеу технологияларын қолдану және ирригациялық желілерді қалпына келтіру жолымен суармалы алқаптарды ұлғайту жұмысы жалғасуда. Шикізатты терең өңдеу қуатын арттыру аясында инвесторлармен бірлесіп, Ақсу, Көксу қант зауыттарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңғырту нәтижесінде әр зауыттың қуатын 500 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Жалпы, агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде 2026-2028 жылдарға арналған 17 жобаны іске асыру жоспарланған.
— Экономикалық өсу мен инвестиция тартуда маңызды нүктелердің бірі – Қорғас торабы. Екі арнайы экономикалық аймақ аумағында бүгінге дейін 45 жоба іске асырылып, бір мың жұмыс орны құрылды. Ал 2028 жылдың соңына дейін 4 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, тағы 66 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде ірілерін атап өтсек, «ENVISION» жел қондырғылары зауытының және энергия сақтау жүйелерінің құрылысы, «SkyHansa» халықаралық әуежайы мен «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» ЖШС жобасы және тағы басқалары бар. Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканы әртараптандырудың негізгі факторы. 2026 жылы жергілікті бюджеттен шағын және орта бизнесті соның ішінде субсидиялау, кепілдік беру, гранттар, инфрақұрылымды дамыту және сервистік қолдау сияқты шараларға 1 млрд теңге көзделген, — деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы Серік Сәбетайұлы.
Еске салсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайып, 2,5 трлн теңгеге жетті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев.





























