Ескелді ауданында жүзден астам тұрғыны бар Ақтұма ауылына заманауи ауыз су құбыры жүргізілді. Осы уақытқа дейін ескірген ұңғыма ауыз судың негізгі көзі болып, одан су тек көшедегі құдықтар арқылы беріліп келген. Оның үстіне судың сапасы мен қысымы да көңіл көншітпейтін, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескі құбырларды жай ғана жөндеу мәселені толық шешпейтін болғандықтан, көше бойымен сервистік желілер тарту арқылы жаңа су құбырын салу туралы шешім қабылданды. 2021 жылы басталған жұмыстар мердігердің жауапсыздығының кесірінен ұзаққа созылған еді. Дегенмен облыс басшылығының араласуынан кейін жоба өткен жылы толық аяқталды. Қазіргі таңда ауылдағы 37 үйдің 35-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып үлгерді.
Солардың қатарында жергілікті тұрғын Ақмарал Немелбаева да бар:
– Мен жаңа желіге алғашқылардың бірі болып қосылдым. Енді үйімізге су кран арқылы келіп тұр. Ауылдағы әйелдердің қай-қайсысы да тұрмыстың түбегейлі өзгергенін растайды деп ойлаймын. Енді кір жуу, үй тазалау, ыдыс жуу секілді күнделікті жұмыстар енді бұрынғыдай көп күш жұмсауды қажет етпейді, өйткені қазір заманауи тұрмыстық техникалар әрбір үйде бар десек артық айтпаймын, әрі су үйге кіріп тұр. Судың сапасы жақсы, – дейді ол.
Дәл осындай құрылыс жұмыстары ауданның тағы бір елді мекені – халқы 1,8 мыңнан асатын Сарымбет ауылында да аяқталды. Жалпы Ескелді ауданындағы 33 елді мекеннің 32-сі немесе 99,9%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ал шамамен 30 адам тұратын 1 ауылда орталықтандырылмаған су жүйесі пайдаланылады.
Атап өтсек, қазіргі таңда Жетісу облысында 329 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Халық саны бойынша таза ауыз сумен қамту деңгейі 99,9%-ды құрайды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков




























