Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл тағы 9 саябақ, 1 сквер және 2 аллея абаттандырылады. Өткен жылы өңірде 21 жасыл аймақ жаңартылған болатын, солардың қатарында Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында орналасқан «Жеңіс» саябағы да бар. Еске салсақ, мердігер ұйымның жауапсыздығынан саябақты қайта жаңғырту жұмыстары бірнеше жылға созылған еді. 2021 жылдан бері аяқталмай келген құрылыс жұмыстары облыс басшылығының тікелей араласуынан кейін толық аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Енді қолданыстағы жасыл желектерді күтіп-баптауға, суару жүйесін жолға қоюға және көгалдандыру жұмыстарын одан әрі қарқынды жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Саябақтың жалпы аумағы 5,6 гектар, ұзындығы – 1,2 шақырым. Саябақ аумағында волейбол, баскетбол, футбол ойнауға арналған 3 әмбебап спорт алаңы, 4 балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық шамдары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. Аумағына жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың, сондай-ақ бұталардың 460-қа жуығы отырғызылды. Бұдан бөлек, 102 көше жарығы бағаны орнатылып, қоғамдық дәретхана салынды, веложолдар мен жүгіру жолақтары жасалды. Жол бөлігін абаттандыру мақсатында 400 тонна асфальт төселіп, бейнебақылау жүйесі іске қосылған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде саябақ заманауи әрі көрікті демалыс орнына айналды. Бұл ретте жуырда саябақты аралап көрген облыс әкімі көгалдың жағдайын және жасыл желектерді күтіп-ұстау жұмыстарын сынға алған болатын. «Саябақ — аудан тұрғындарының демалыс орны. Сондықтан тазалық, абаттандыру, суару және аумақты күтіп-ұстау мәселелері жауапты мекемелердің тұрақты бақылауында болуы тиіс», — деген өңір басшысы Бейбіт Исабаев барлық кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырған.
Сонымен қатар саябақ аумағына қосымша гүлдер отырғызылатын болады.
Ал жергілікті тұрғындар саябақтағы оң өзгерістерді байқап, оның біртіндеп халықтың сүйікті демалыс орнына айналып келе жатқанын айтады. Қарабұлақ ауылының тұрғыны Рысхан Әубәкірова пікірін білдірді:
– Осындай әдемі, заманауи саябақтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Күн сайын кешке немерем Айтөремен бірге осында келіп серуендейміз, өзім ашық аспан астындағы жаттығу құрылғыларында жаттығамын. Бұл жер біз үшін күнделікті келетін пайдалы демалыс орнына айналды. Ауылымызға көңіл бөліп, тұрғындарға осындай қолайлы жағдай жасағандарына ризамыз, – дейді ол.
Айта кетсек, саябақтың жайлы, көк желекті қоғамдық демалыс орны болуы үшін нысандағы күтіп ұстау жұмыстарының сапалы жүргізілуін өңір басшылығы қазір де қадағалауда ұстап отыр, бұл ретте саябақты күтіп-баптау жұмыстарына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапты.
Еске салсақ, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында биыл өңірде Қаратал, Көксу, Ақсу аудандарындағы орталық саябақтарды суару жүйелерімен бірге абаттандыру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























