«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Агробизнес» ауқымды бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Бордақылау алаңдарын қаржыландыру» шағын бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастады. Аталған бастама 2025 жылдан бері іске асырылып келеді және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Шағын бағдарлама аясында фермерлер өндірістік циклді қолдау үшін қысқа мерзімді әрі қолжетімді қаржы ресурстарына қол жеткізе алады. Қаржыландыру коммерциялық қаражат есебінен жүзеге асырылады, ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде белгіленген. Несие мерзімі – 12 айға дейін.
Қаражат айналым қаражатын толықтыруға бағытталады. Қарыз сомасының кемінде 70%-ы кейіннен бордақылау үшін ірі және ұсақ мал төлін сатып алуға жұмсалуы тиіс.
Фермерлер ілеспе шығыстарға (30%-ға дейін) жем-шөп, жанар-жағармай материалдарын, жемшөп дайындайтын және тарататын техникаларға арналған қосалқы бөлшектерді, сондай-ақ жануарларды сәйкестендіруге арналған чиптер мен сырғаларды сатып алуға қаржы бағыттай алады.
Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясы филиалдары арқылы тікелей, сондай-ақ кредиттік серіктестіктерді, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарын қорландыру арқылы қолжетімді.
Бағдарламаға қатысу үшін бордақылау алаңдарына ең төменгі қуат бойынша нормативтік талаптар қойылады: ІҚМ бордақылау алаңының сыйымдылығы кемінде 500 бас, ал ҰМ үшін кемінде 1000 бас болуы қажет.
Қарыз алушының ауыл шаруашылығы басқармасында тіркелген есептік нөмірі, экологиялық қорытындысы болуы және серуендету мен азықтандыру аймақтарының, желден қорғаныс жүйесінің, жылытылатын суаттардың, карантин алаңы мен сумен жабдықтау жүйесінің болуына қатысты техникалық талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Аграрлық несие корпорациясы мемлекеттік қаражаттың ашық әрі тиімді пайдаланылуына ерекше назар аударады.
«Бордақылау алаңдарын қаржыландыру бағдарламасы – ішкі нарықты сапалы етпен қамтамасыз етуге және нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік беретін жедел әрекет ету құралы. Біз фермерлердің қымбат нарықтық қаржыландыру көздерін іздеуге алаңдамай, мал мен жем-шөпті жедел сатып алуына жағдай жасау үшін қаржыға қолжетімділікті барынша жеңілдеттік», – деп атап өтті АКК өкілдері.
Кеңес алу және өтінім беру үшін фермерлерге бизнес жүргізетін өңірі бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалдарына жүгіну қажет.
Бағдарлама шарттары туралы толық ақпарат agrocredit.kz ресми сайтында және 1408 Call-орталығы арқылы қолжетімді.
Дереккөз: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет ресурсы
Бордақылау алаңдарын жеңілдікпен қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды





























