Талдықорғанда өткен жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы маусымға дайындық жоспарлары талқыланған кеңесте сала қызметкерлері марапатталды. Осылайша тұрғындарды жылумен, сумен қамтамасыз етіп, елді мекендердің көшелерінде тазалық пен тәртіпті сақтау жолында күн сайын еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегіне құрмет көрсетілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Төтенше жағдайлар немесе ірі апаттық жағдайлар тіркелген жоқ. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дейін 35 қазандық пен 16,4 шақырым жылу желілері жөнделіп, нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 45%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар Жансүгіров, Балпық би ауылдары мен Сарқан қаласында 3 блокты-модульді қазандық, сондай-ақ Үшарал қаласында жаңа орталық қазандық пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде жылумен қамту жүйесінің сапасын едәуір жақсартты.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлеріне өткен қысқы кезеңді табысты өткеруге қосқан үлестері үшін өңір басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов алғыс білдірді:
– Жетісу облысында инженерлік инфрақұрылымды, жол желісін және газбен қамту жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңірдегі 329 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, халықты қамту деңгейі 99,9%-ға жетті. Сонымен қатар 467 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Облыс құрылғаннан бері 1 мың шақырымнан астам су, жылу және электр желілері жаңғыртылып, олардың тозу деңгейі төмендетілді. Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы қызметкерлерінің, жол қызметтерінің, төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлерінің үйлесімді бірлескен жұмысының маңызы зор. Соның арқасында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы сәтті өтіп, алдағы жылыту маусымын кедергісіз өткізуге бағытталған міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың бәрі облыс әкімінің тұрақты бақылауында, жаңа жылыту маусымына дайындық мәселелерінде барлық қажетті қолдау көрсетіледі, – деген Ә. Қанағатов марапаттау рәсіміне көшті.
Осы күні жалпы саны 54 адам марапатталды, олардың басым бөлігі – жұмысшы мамандар. Оларға «Еңбек ардагері» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар облыстың аудандары да арнайы дипломдармен және арнайы техникамен марапатталды.
Өңірдегі жол саласының қызметкері Абзал Әшерқұлов өз пікірін білдірді:
– Автожол саласында еңбек етіп жүргеніме 20 жылға жуықтады. Бұл жұмыс қыс мезгілінде, әсіресе боранды күндері өте қиын. Жұмысшылар, механизаторлар кейде түні бойы көз ілмей, кезекшілікке шығып, қар тазалау жұмыстарында бірін-бірі алмастырып жатады. Осы уақыт ішінде түрлі жағдайлар болды, тіпті адамдарды құтқаруға да тура келді.
Атап өтсек, қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдардың жабылғанына қарамастан, өңірде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған еді. Барлық қызметтердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде 241 адам құтқарылды.
Марапатталғандар атынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының ардагері, «Жетісу су құбыры» мекемесінің өкілі Евгений Чепурнов сөз сөйледі:
– Біздің қызметтің негізгі міндеті – Талдықорған қаласының барлық тұтынушыларын тәулік бойы үздіксіз сумен жабдықтау және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету. Қызмет құрамында желілер мен жабдықтардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстайтын пайдалану жөніндегі бригадалар жұмыс істейді. Мамандар жоспарлы және апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар су қысымы мен сапасына тұрақты мониторинг жасалады, бұл бүкіл жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сумен жабдықтау – өмірлік маңызы бар коммуналдық қызметтердің бірі болғандықтан, біздің кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді. Әрине, еңбегіміздің бағаланғанына қуанып жатырмыз. Бүгінгі алған марапатым – кәсіпорын ұжымының күнделікті бірлескен еңбегінің нәтижесі деп айта аламын, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған Е. Чепурнов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов.




























