Талдықорғанда Чернобыль апатының құрбандарын еске алу шарасы өтті

289

Чернобыль апаты он мыңдаған қазақстандықтардың түбіне жетті. Әлем тарихындағы алапат апаттың зардабын әлі күнге дейін шегіп келеді.

Осыдан 38 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын атқарды. Алайда  олардың көбісі АЭС сепкен ажал уынан құтыла алмады.

Талдықорған қаласындағы Семей ядролық сынақ полигоны және Чернобыль апаты құрбандарына арнап қойылған ескерткіш басына жиналғандар қарасы көп болды. «Ерлікке тағзым » атты шараға    қала әкімі Ернат Бәзіл және апатты жоюға қатысқан ардагерлер, қайтыс болған жауынгерлердің жесірлері, басқа да ұйымдардың  ардагерлері   қатысты.   Еске алу  шарасы  барысында гүл шоқтары қойылды.  Мұнан соң  Мемлекеттік Гимн орындалды.

Ернат  Дүйсенбекұлы: «1986 жылдың 26-сәуірінде кеңес одағы құрамында болған республикалар өз ынтымақтастығын танытып,  Украина жеріндегі апаттың зардаптарын жоюға көмек көрсетті.  Чернобыль атом электр станциясында болған  жарылыс дүниежүзі бойынша ірі атомдық апат саналады.  Апат зардабын жою мақсатында 32 мыңнан астам қазақстандық ликвидатор- жауынгерлер сол жаққа аттанды. Олар Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеп, ерлік пен қырағылық танытып миллиондаған жандардың өмірін сақтап қалды.  Апат бетін қайтаруға қатысқан жауынгерлер өмірлері мен денсаулықтарынан  айырылды. Өкінішке орай сол ардагерлердің біразы арамызда жоқ.  Өздері радиациялық сәулелендіруден зардап шексе де, елге оралған соң  игілік жолында еңбек етті. Ардагерлер  ісі —  жастарға үлгі. Енді мұндай апаттар болмасын».

Шарада  «Qazaqstan CHERNOBYL Ardageleri» қауымдастығының Орталық кеңесі төрағасы Мұстафа  Хұсайын Дәуітұлы,  Талдықорған қалалық Чернобыль мүгедектері мен ардагерлер ұйымының төрағасы Р.Ақжолтаев,  Семей полигоны мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Данабеков сөз сөйлеп, бейбіт күн мен елдің амандығын тіледі. Бұл апаттың қиындығы Хиросима мен Ногасакиден асып түседі.  Біздің аймақтан 1200-дей азамат шақырылып, азаматтық борыштарын өтеген екен. Мұның зардабы сегізінші ұрпаққа дейін кететін көрінеді. Еліміз бойынша қабылданған заң негізінде ардагерлер әлеуметтік көмектер алуда.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз