Ұлттық ауылшаруашылығы санағы басталады

312

Қазақстанда ұлттық ауылшаруашылығы санағы басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының Жетісу облысы бойынша департамент басшысы Букенов Марат Буранбекович мәлімдеді. Ұлттық ауылшаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында өтеді. Бұл елдің аграрлық секторының жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық зерттеу.

Санақ ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіледі,оны  өткізу мерзімі ауылшаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып, ҚР Үкіметімен бекітілген. Санақ  екі кезеңде онлайн-сауалнама және үй шаруашылықтарын аралау бойынша өтеді.

Онлайн-кезең 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында өтеді, онда респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына баратын болады. Бұған дейін, 1-30 маусым аралығында респонденттердің тізімін нақтылау үшін өңіріміздің 5 қаласында үй шаруашылықтарын алдын ала аралау (листинг) өтеді.

«Біз барлық азаматты санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және аймақтарды дамыту шешімдерінің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға көмектеседі», – деп атап өтті департамент басшысы.

Сауалнамаға өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, ЖК, фермерлік қожалықтар қатысуы тиіс. Сондай-ақ үй-үйді аралау кезінде жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін, бақшасы мен жер учаскесі бар, мал ұстайтын үй шаруашылықтары сұралады.

Санақ өңіріміздің 113 мың үй шаруашылығын және 21 мың ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтуды жоспарлап отыр. Сауалнама өткізу үшін өңірде 200-ден астам интервьюер тартылады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктерде және аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Кеңес алу үшін азаматтар sanaq.gov.kz сайтында sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе1446 байланыс орталығына жүгіне алады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз