Жетісудың ауылдық мектеп өрендері «Үздік команда-2024» атағын иеленді

128

Жетісу облысының дарынды оқушылары көптеген білім додасында жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соның бірі – Астана қаласында өткен тұңғыш ауыл мектептерінің 9-11 сыныптарына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиада.  Осы ауыл мектептеріне арналған пән олимпиадасының  жаратылыстану-математикалық бағытының   қорытынды кезеңіне барлығы  1 088 оқушы қатысқан болатын. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші республикалық олимпиадада еліміздің түкпір – түкпірінен келген 170 оқушы жеңімпаз атанған еді.

 Осы аталмыш олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытына Жетісу облысынан 19 оқушы қатысты. Ауылдық жердегі мектептерден барған өрендер дарындылығы мен қабілеттерін көрсетіп,  командамыз 10 жүлделі орында иеленді.  Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен  республикалық  пәндік олимпиаданың  жаратылыстану-математикалық  бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін  Жетісу облысы командасы «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» III-дәрежелі атағы берілді.

 Ал, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

 Сондай-ақ, осы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты 2024 жылдың 21-25 қаңтар аралығында Астана қаласында өткен болатын.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша Жетісу облысынан барлығы 21 оқушы қатысып,  12 оқушы жүлделі орынға, 5 оқушы  үздік  нәтижелері үшін грамотаға ие болды.  А.Бауберік, А.Иванова, А.Айсан, Г.Олжабаева, Г. Әмірбек, Ж. Мұратұлы, К. Крапачева,  А.Дарқанбай,  Н. Басеп,  М.Байбатшанова,  М.Жандоскызы,  А.Конратбай  жүлделі орындарды иеленді. Бірнеше оқушы грамота алып қайтты. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған  республикалық олимпиадасының жүлдегері Анастасия  Иванова және  Гүлназ Олжабаеваға Астана халықаралық университетінің,  Жалғас Мұратұлына Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің,  Аяжан Айсанға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің гранттық сертификаттары табысталды.

Жетісу облысы білім басқармасының «Жетісу дарыны» орталығы  зияткерлік шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы  Ақмарал Бақбанбетова:

« Ауыл  мектептерінде оқитын оқушылардың  білімі мен зеректігі сарапқа салынған  іс-шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Жалпы алғанда,  қоғамдық-гуманитарлық   бағыттың  7 пәні бойынша  әр аймақтан  500 оқушы қатысып, олардың  165-і жеңімпаз атанды. Оның 33-і алтын, 49-ы күміс, 83-і қола медаль.   Салтанатты жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қатысып,  жеңімпаздарды құттықтады».

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының жаратылыстану-математикалық  бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін Жетісу облысы командасы «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» III-дәрежелі атағын жеңіп алса, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытында «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» II-дәрежелі атағын  иеленді.  Алғаш рет ұйымдастырылған білім сайысында үлкен жетістікке қол жеткіздік.

                                                                                                 Назым Касенова, 

                                                             « Жетісу дарыны»  орталығының әдіскері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз