Жоба жас ұрпақты қолдауға және дамытуға, олардың кәсіби және көшбасшылық дағдыларын арттыруға жағдай жасауға бағытталған. Жергілікті деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалар қарастырылуда. Шағын грантқа қатысты ақпарттық-түсіндіру науқанын өткізу туралы «Jetisý jastary» КММ директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатов пен «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Төлемісова БАҚ өкілдерімен кездесуде баяндады.
Грант алу конкурсына қатысуға өтінімдер 1-31 наурыз аралығында қабылданады. Ең жоғары сома 1 000 000 теңге. Қатысуға 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастар өтінім бере алады. Сонымен қатар, грант тіркелген жұмыссыз мәртебесі бар қатысушыларға беріледі. Еркебұлан Ақболатовтың айтуынша, биылғы жылға 28 шағын грант қаржыландырылған. Бөлінген жалпы сома 28 миллион теңге. Оның 14-і Жетісу облысына берілсе, қалған 14-і Шығыс Қазақстан облысына беріледі. Атап өтейік, аталған жобаны ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бірлесіп жүзеге асыруда.
«Қазіргі уақытта 19 ақпаннан бастап 24 наурызға дейін конкурстың әлеуетті қатысулары үшін ақпараттық-түсіндіру науқаны жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық қатысушылар өмірлік маңызды дағдылар мен жұмысқа орналасу дағдыларына оқытылып, менторлардың қолдауына ие болады», — деп қорытындылады Жанат Төлемісова.