Талапкер-2025. Талдықорғанда 45 мектеп түлегі «Алтын белгі» иегері атанды

306

Бүгін Талдықорған қаласының барлық білім ордаларында мектеп бітіру  салтанаты өткізілді. Айта кетейік, биыл қала бойынша 35 мыңнан астам оқушы білім алса, оның ішінде 1446-сы мектеп бітіруші түлек. Соның ішінде 45 оқушы «Алтын белгі» иегері, ал 68 түлек үздік аттестат иесі атанды. Сонымен қатар, 2024–2025 оқу жылында 3720 бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттады.

 Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл  қаламыздағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі Ш.Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясында  өткен салтанатты шараға қатысып, жас түлектерді құттықтап, жаңа өмір жолына сәттілік тіледі.

«Сіздер еліміздің ертеңі, қаламыздың болашағысыздар. Әрқайсыңыздың арманы биік, алға қойған мақсатыңыз айқын. Сол мақсаттарға жету жолында табандылық пен ізденіс тілеймін. Білім баға жетпес қазына, оны ешкім тартып ала алмайды. Жас түлек ретінде өз жолыңызды дұрыс таңдап, еліңізге, туған жеріңізге пайда әкелетін азамат болуларыңызға тілектеспін», – деді қала әкімі жүрекжарды тілегін білдірді.

Мамандық таңдау сәті де келіп жетті.  Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы  түлектер үшін  өте маңызды. Мектеп бітірушілерге ақ жол тілеген  ұстаздар мен ата-аналар қауымы көп болды. 

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, негізгі ҰБТ 16 мамыр-7 шілде аралығында өтеді. Ал ЖОО-ға құжаттар 20 маусым-25 тамыз аралығында қабылданады.

«Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» мамандықтарына түсушілер үшін арнайы емтихандар 20 маусым-20 тамыз аралығында (конкурсқа қатысу үшін 20 шілдеге дейін ) өткізіледі.

Шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтініштер 20 маусым-10 тамыз (конкурсқа қатысу үшін 7 шілдеге дейін) аралығында қабылданбақ.

Білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін талапкерлер 13 шілде-20 шілде аралығында   өтініштерін  бере алады. Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады деп күтілуде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз