Қауышумен басталған мереке

324

14 наурызда  көрісу, қауышу, амал деп аталатын тамаша дәстүрді атап өту басталды.  Жасы кішілер ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді. Әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Атаулы күн, негізінен, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір ауданында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Бұл мерекені Маңғыстау өңірінің жұрты Амал мерекесі деп те атайды. Соңғы жылдары  мейрам аясы кеңейіп келеді. Мәселен, биыл  еліміздің  бірқатар аймақтарында  осы мереке тойланды.

Үй-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы  жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Бір ерекшелігі — Көрісу бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. Бұл  жыл кайыру салтымен де  тығыз байланысты деген ойға да жетелейді.

Ақтолқын Насиханова, Атырау облысы  Исатай ауданы Аққыстау ауылы тұрғыны:

-Көктем келгенде жер-дүние жаңарып, қаһарлы қыстың ызғары кете бастайды.  Қыс бойы бірін-бірі көрмеген  ағайын-туыс жылдан-жылға аман-сау жетіп, бір жасқа есеюімен,  үлкендерге сәлем беру мақсатында іздеп баратын дәстүрді  көрісу,  қауышу деп атайды. Әдетте,  «мал-жаның аман ба»  деп сәлемдесуді  бастайтын қазақ үшін жаңа күннің шуағын көру, болашағын келер жылдың амандығымен байланыстыру өзара сыйластықты, жанашырлықты, адамдардың біріне деген ынтымағын көрсетеді.  Көк шығып, малдың жайылымға шығатын кезі көктем ғой.

 Міне, Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде   адамдар бір-бірімен кездескенде:
« Жасың құтты болсын!,   Өмір жасың ұзақ болсын,    Ұлыс бақты болсын!»–деп бірін-бірі  құттықтайды. Ер адамдар қос қолдасып, төс қаға амандасады. Ал әйелдер болса, құшақтасады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру – «өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын» дегенді білдіреді.

Меруерт Ахонова, Атырау  қаласының тұрғыны:

-Әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық  университетінде оқып жүрген кезімізде 1988 жылдары  Наурыз мейрамы алғаш  рет Алматыдағы Горький атындағы  орталық  саябақта тойланды.

Сонда батыстық студенттер бір-бірімізбен қауышып, Наурыз мерекесімен құттықтайтынбыз. Басқа Петропавл, Қостанайдан келген  студент жастар қызыға қарап, көрісудің  мәнін сұраушы еді. Наурыз мейрамы басталмай тұрып,  жастар жиналып, үй-үйді аралап, үлкендерге сәлем  беру дәстүрі  бар екендігін  айтып  түсіндіретінбіз.

 Қазірде Атырау өңірінде  бұл дәстүр сақталған.  Жас үлкен апаларымыз  біздерді  тосып жүреді. Анау келді көрісуге,  мына жерден  ана туыстың баласы келмей  қойды деп те  ренжіп өкпе артатындары да бар. Көрісудің мәні-   жасы үлкендердің қал-жағдайын барып  сұрау. Сәлем-сөздің анасы дегендей, үлкендер жағы қуанып, келіндерге  қыстың  сүр етін қазанға салдыртып, әңгіме тиегін ағытады.  Туыстардың, ағайындардың бірін-бірі іздеп  баруы  керемет ғанибет.

Тіпті жұмыстан қолың тимей, бара алмайтын кездер болады. Кейбір үлкен адамдарды көшеде не болмаса қонақта кездесіп қалып, көрісейін десең, үйге неге   келмейсің  деп ұрсып тастайды, қабылдамайды. Содан кейін сый-сияпатыңды алып  шаңырағына арнайы барып, сәлем бересің.

Бүгінде батыстық құрбылар сәлем беріп, хабарласып тұрады. Күні кеше олар телефон арқылы тілдесіп,  Наурызға арнап жақсы ниет, ыстық  сәлемдерін жолдады. Алыста жүрсек те амандық-саулығымызды сұрасып  жүргенге не жетсін!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK