Талдықорған қаласының іргесіндегі Еркін ауылы алғаш құрылғанда 3 мыңдай тұрғын тіркелсе, қазіргі таңда халық саны 20 мыңға жуықтады. Бұл ауылдың тарихы тереңнен сыр шертеді. Құтты мекен тұрғындары ауылдың құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараны береке-бірліктің арқасында жоғары деңгейде атап өтті.
Ауылдың көкорай шалғынды, ағашпен көмкерілген жағына 30-дан аса киіз үй тігіліп, дәл ортасына үлкен сахна қойылыпты. Тойға жиналғандардың қарасы көп болды. Бұл күні ауыл түлектері, еліміздің әр өңірінде қызмет жасап жүрген азаматтар, осы ауылдан шыққан қоғам және мемлекет қайраткерлері, тұрғындар жиналды.
Мерейтойлық салтанатқа Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, еркіндіктерді қуаныштарымен құттықтады.
-Еркін ертеден-ақ Талдықорғаннан іргесі бөлінбеген ауыл. Қаймағы бұзылмаған қазақылықтың, берекесі жарасқан ынтымақтың ортасы болып отырған Еркін ауылының тарихы ғана емес, өзіндік салт-дәстүрі бар ырысты өлке. Аға ұрпақ жастарға үлгі өнеге беріп, тәлімді тәрбиенің басында келеді. Мұндай берекесі ұйысқан елдің болашағы да зор. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан біз қаланың шет аймақтарына соңғы жылдары көп назар аударып, көптеген игі істерді атқардық. Алдыңғы жылы Еркінге жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Ауыл тұрғындарының өтініштеріне орай бір мектеп пен Мәдениет үйін салып беруге құжаттары дайындалуда. Келер жылы осы екі нысанның құрылысы қолға алынады. Еркін негізінен ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып отырғандығын да атап өткен жөн,-деді облыс басшысы.
Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасына осы ауылдан 7 адам қатысып, оларға қаржылай көмек көрсетіліпті.
Салтанатты жиында облыс әкімі Б.Исабаев ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматттарды Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапаттады.
Келесі кезекте облыстық мәслихаттың төрағасы Г.Тойлыбаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Келемсейіт, қала әкімі Е.Бәзіл, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Керімбеков және де ауыл ақсақалдары жылы лебіздерін білдірді.
Ұзақ жылдар осы ауылда қызмет жасаған Әукен Қазыбаев пен Рахымбек Жиенгелдиновке, Ермұхан Байқадамовқа «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы табысталды.
-Еркін – қасиетті өлке. Балаларым мен немерелерімнің туып-өскен жері. Өзім білім саласында ұзақ жыл қызмет жасадым. Е.Берліқожаұлы атындағы мектепті басқардым. Ауылымыздың өркендеуіне қолдан келгенше көмегімізді аямаймыз. Әлі де болса, ұрпақ тәрбиесі мен ата-баба дәстүрін насихаттап жүрміз. Ауылымыз көркейіп, өсе берсін! ,- деп Әукен Қазыбайұлы ағамыз бата берді.
Еркін ауылдық кеңесі 1933 жылы құрылғанымен оның тарихы тереңде. Ғасырларға тамырласқан ауылдың бейнесі көз тартарлық. Биылдың өзінде көшелерге қиыршық тас төселіп, абаттандыруға көңіл бөлінді. Балалар алаңдарын салу қолға алынған.
Еркін ауылының кіреберіс жолына «Ауылым – Алтын бесігім» стелласын орнатуға мердігер мекеме анықталып, құрылыс-монтажды жұмыстар қолға алынып отыр.
Округтің көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Басты айтар жаңалық — «Көктал» елді мекеніндегі Алтынсарин көшесіне «Талдықорған қаласының жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары бөлімі» ММ тапсырысымен тротуар салынды.
Еркін ауылының 90 жылдық тойы ұлттық ойын түрлері, ат бәйгесі, спорттық шараларға ұласты. Қазақ күресінен «Еркін барысы-2023» өтіп, жергілікті балуан Жәнібек Дүйсенбеков жеңіске жетті.
Қалалық ипподромда 35 шақырымға аламан, 15 шақырымға құнан бәйге өтті. Аламанда елімізге белгілі жетісулық шабандоз Хамза Амангелдінің «Тұраны» бірінші болып келді. Жеңімпазға автокөлік кілті табысталды. Айтар болсақ, Хамзаның бәйгеден ұтып алған жетінші машинасы екен. Мәре сызығын кесіп өтіп жеңіске қол жеткізген шабандоздарға ұйымдастырушылар сыйлықтар табыстады.
Ауыл тұрғындары облыстық деңгейде өткен футбол турнирін тамашалады. 1-орынды Көксу ауданының ойыншылары алды. Жеке номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды. Оларға ауыл тұрғындары арнайы сый-сияпат жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайысқа 16 команда қатысыпты. Соңғы 6 жылда Талдықорғанда әуесқойлар арасында үлкен футболдан жарыстар өте сирек өтеді екен. Футбол өте тартысты болды дейді көрермендер. Ал, Еркін ауылындағы стадионда ірі жарыс алғаш рет ұйымдастырылды.
Тойға жиналған жұртшылық елімізге танымал өнер майталмандары мен шығармашылық ұжымдардың мерекелік концертін тамашалады.