«Жетісу ұстазының» жеңімпазы автокөлікке ие болды

803

Мұғалімдер күні ерекше салтанатпен аталып өткен болатын. Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты. «Ұстаз аты- биік әрі  мәңгілік» аталатын жиынға қатысшылар ең алдымен, «Жеңімпаздар аллеясы»  сурет көрмесін және әдеби-театрлық композицияны тамашалады.

Жиынды ашқан облыс әкімі Б.Исабаев ұлт болашағының негізі білімде екендігіне тоқталып, ұлағат иелерін мерекеге орай құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  педагогтер съезінде өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру – өте маңызды міндет екендігін атап көрсетті.  Бүгінде облысымзда 20 мыңға жуық педагог қызмет етеді. Соңғы жылдары мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі заңмен айқындалып, жалақылары артып отыр. Биыл балабақша тәрбиешілерінің де жалақысы 30 пайызға көтеріліп отыр. Білім саласына бөлініетін қаражат та өсуде. Жылдан–жалға білім нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайып, ауыл мектептерін қайта жаңғыртуға бағытталуда»,-деді.

Салтанатты жиында бала тәрбиелеу мен оқытуда үздік жетістіктерге қол жеткізген ұлағат иелеріне ҚР Оқу –ағарту министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты  табысталды. Сондай-ақ, бірқатар ұстаздар «Еңбек ардагері» медалін өңірлеріне тағынды.

Білім басқармасы мұғалімдерді ынталандыру мақсатында түрлі байқаулар өткізіп келеді.  Өз кезегінде, облыстық «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі» жеңімпаздары марапатталды. «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» атағын Талдықорған жоғары политехникалық колледжіне берілді. Бұл ұйымға  1 млн. теңгенің сертификаты қоса табысталды. Саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан мұғалімдер әулетіне де  сый-құрмет жасалды.

Ал, дәстүрлі түрде өтетін «Жетісу ұстазы» байқауының жеңімпазы Сарқан ауданындағы №1 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Іңкәр Рахманова автокөліктің иегері атанды.

Астана қаласында өткен республикалық педагогтер съезінің делегаты Индира Байғожина  сөз алып, ұлағатты ұстаздар қауымына жылы лебізін білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз