Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым

610

Еліміз Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбынды,  көк Туымен тұғырлы. Осы бір баға жетпес құндылықтар елін, жерін сүйген әр жанның отаншылдық сезімін оятып, күш- жігерін тасқындатары анық. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері осыдан 31 жыл бұрын  яғни 1992 жылы  мамыр айының 4 күні бекітілген. Ал, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4-ші мамырда қабылданған.   Содан бері халқымыз бұл күнді айрықша атап өтіп келеді.

ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебі Талдықорған қаласындағы филиалының директоры, толыстағы подполковник Мекебек Жамауов:  «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз еліміздің берік негізі. Оған шетелдік мамандар да жоғары баға берген. Сонымен  бірге рәміздеріміз әлемдік каталогқа енген. Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Кез келген елдің тәуелсіздігін рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Қазақ елінің Тәуелсіздігі әр азаматтың отаншылдық пен патриоттық рухын оятатын, жүректерде мақтаныш сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздердің өскелең ұрпақтар үшін  де тәрбиелік мәні мен мағынасы зор. Жай ғана мысал, Олимпиада ойындарындағы өз спортшыларымыздың жеңісі кезіндегі мемлекетіміздің көк Туының  көкте желбіреуі әрбір азамат үшін мақтанышы. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің ұлттық және жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыруда орны ерекше.   Мәселен, мектептерде сабақ басталғанда, мемлекеттік мекемелерде ант қабылдағанда, басқа да көптеген іс-шаралар кезінде    Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран асқақ әуенмен шырқалады.  Ел халқы Қазақстан Республикасының Туына, Елтаңбасы мен Әнұранына ерекше құрметпен қарап, оны шын пейілмен  қадірлейді», – деп бағалады.

Сондай-ақ, подполковниктің айтуынша, қазақстандық патриотизм – елдің мүддесін қорғайтын, азаматтардың парызы мен намысы. Ұлттық патриотизмді қалыптастыруға негіз болған қазақтың дәстүрлі қоғамында орныққан құндылықтар қатарына, «Отан», «атамекен», «ел-жұрт», «азаматтық борыш», «ар-намыс», «адалдық пен әділдік», «азаматтық парыз», «қанағатшылдық пен жомарттық», тағы басқа ұғымдарды жатқызуға болады.
Қазақ халқы кіндік қаны тамған жерін, ата-бабаларының мәйіті жатқан жерді ерекше қадірлейді. Сондықтан да халқымыз өз ата-мекенін, Отанын, халқын, ана тілін, мемлекетінің рәміздерін, салт-дәстүрін шынайы жүрекпен сүйе білген. Әрі  ұрпағын да сол сүйіспешілікке баулып, тәрбиелеген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз