Жетісу облысының республикалық маңыздағы жолдарында көлік апаттары азайып келеді. Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанында 21 жол көлік оқиғасы тіркелген. Өткен жылдың үш айлық кезеңімен салыстырғанда ол 25 пайызға аз,- дейді «Қазавтожол» АҚ ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаев. Көрсеткіштер кемігенімен күн жылынып, туристік маусым жақындап келеді. Сәйкесінше барыс-келіс көбейіп, жолға түсетін жүктеме артатыны анық. Сол кезде жол көлік апаттары жиілеуі мүмкін. Қайғылы жағдайдың алдын-алу үшін облыстық көлік инспекциясының, полиция департаментінің және «Қазавтожол», «ҚАЖсервис» компаниясының қызметкерлері «Жолда қабылдау» акциясын өткізді. Жүздесуде жүргізушілердің талап тілегі тыңдалып, жол ережесін сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді. Өйткені өңір жолдарындағы аварияның 50 пайыздан астамы жылдамдықты шамадан тыс асырудан болатыны анықталған. Осы орайда жол саласының қызметкерлері «Алматы- Өскемен» тас жолының Жетісу облысы аумағында жылдамдықты сағатына 110 шақырымнан асырмау қажеттігін айтты. Сонымен қатар өңірде жол жөндеу, жол белгілерін орнату сынды жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Темір тұлпар иелеріне қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық парақшалар үлестіріліп, жолда барынша абай болу керектігі ескертілді.