Рәміздер – егемен елдің бет-бейнесін айқындайтын өткені мен болашағын байланыстыратын құнды құжат. Мемлекеттің басты паспорты. Оны құрметтеу әр азаматтың қасиетті борышы.
Қоғамымыздың әрбір мүшесі еліміздің рәміздерін мақтаныш тұтып, қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Өскен, дамыған елдердің азаматтары осылай қалыптасады.1992 жылдың 4-маусымы- тарихи күн. Сол кездегі республика жоғарғы кеңесі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Жер бетіндегі мемлекет атаулының қай-қайсысында да мемлекеттілігінің басты белгісі рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұран. 1992 жылы Қазақстан Республикасының рәміздерін жасауға бүкіл Қазақстан халқы атсалысты. Оған сол кезде жарияланған байқау куә. Ту бейбіт кезде құрметпен сақталып, ал тек жаугершілік кезінде шығарылып отырған. Тудан айырылу — өліммен тең болған. Мемлекеттік туымыздың авторы-еліміздің өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Жалауды айқындайтын элементтердің бірі-оның түсі. Көк түсті таңдауы кездейсоқ емес, ол – адалдықтың, мінсіздіктің және сенімділіктің белгісі. Туымыздың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген.Күн бейнесі- шекарамыздың бұзылмайтындығын бейнелейді. Шексіз далада ұшқан қыран, ою-өрнек – еліміздің ұлттық жиынтық белгісі.
Бүгінгі Елтаңбаның иелері сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған, Шаңырақ- әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы, отбасы ошағын бейнелейді. Дөңгелек- шығыс халықтарының байырғы дүние танымына етене жақын, өйткені бұл нысан өмір шексіздігінің белгісі. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Олар – мамыражай шуақты өмірмен мейірім, шапағат жылылықтың белгісі. Тұлпардың алтын қанаттары – астықты, тоқшылықтың және материалдық ырыс-несібенің белгісі. Елтаңбаның ортасындағы бес бұрышты көлемді жұлдыз — біздің жүрегіміз бен құшағымыз барлық бес құрлық өкілдеріне ашық деген сөз.Қазақстан Республикасының Әнұраны да дамуға зор рухани әсер ететін күш. Әнұран ресми рәміз ретінде, Қазақстанның болашағы мен өзінің болашағына сенетін қазақстандықтардың ортақ рухани қазынасына айналып кетті.
Рәміздер — бұлар біздің еліміздің, Қазақстанымыздың, яғни Республикамыздың бет-бейнесі, біз үшін биік, біз үшін қастерлі. Қазақстанның әрбір азаматы оларды құрметтей, қастерлей білуі қажет.
Полковник Айдын САҒЫНБЕКОВ,
Жетісу облысы қорғаныс істері
жөніндегі департаментінің басшысы.