— Келімбеттің көкесі-ау, не білгенің бар? — деді, кертіш мұрыны дүрдік ерініне жараса қалған, екі беті нарттай келіншек, кетік тістерінің арасынан қызыл тілін жылмаңдата сөйлеп — Не білгенің бар, осы он бес, жиырма үйлі ауыл түгел біздің үйдің түтеген түтініне көзін қадап, қарап отыр ертеңді-кеш …
— Нені білетіні бар еді, түге?! — деп, шаңқ ете қалды, имиген мұрыны иегіне қарай төне түскен шегір көз Келімбеттің көкесі, ана жолы лотереядан ұтып алған «лапшарезкамен» кесілген кеспенің үзіндісін табаққа қарай сұқ саусағымен шертіп жіберіп …
— Біздің үйден соғым басын жегенде құдай құрлы, өздерінің қара қазаны төңкеріліп қалған ба? — десіп, күңкілдесіп жүр ғой, ана тоқтыны сойып, басын мүжітіп құтыла салсақ қайтеді?- деді кетік келіншек күйеуіне қарап, ақылдасқандай сыңаймен …
— Е, сол ма еді, тәйірі — деп, молынан бір «дарр» еткізе кең кекіріп алған Келімбеттің көкесі мыж-мыж жастыққа жантая кетті …
Алты ай жаз бойы алты миллионнан астам шыбын қонғандықтан шұбар ала болған үйдің үрлігіне отағасы ойлана қарап жатқан, сол бір құжынаған қалың «төшкі-төшкілердің» арасынан қырықваттық ләмпішкедей сығырайған бір ой жылт етті ме, қайдам, жастықтан басын жұлып алып:
— Әй!-деді оқыстан. Келімбеттің көкесінен қалған көжені сыры кетіңкірей бастаған көк табақтың ернеуінен ерінін ыңғайлай шүйіріп, енді ұрттай берген келіншегі селк ете түсіп, Ойсаздың кең жайлауындай омырауына көжені төгіп-ақ алғаны бар емес пе …
— Әй, осы, соңғы кездері не нәрсе қат, зәру, деписит болып кетті-ей?-деді, үріккенінен самай шашы үрпиеқалғанәйелінеқарап. — Оны не қыласың, мына, сен екеуімізден басқаның бәрі деписит!- деді келіншегі тепсіне түтігіп. — Е, солай де … Ертеңге әлгі, завфермадан (мал шаруашылығының меңгерушісі) қалғанды дайында!
— Ойбай, үлкен ауылдағы құдаларды шақырамыз ғой деп, сары майдай сақтап жүр едім … — Ойбайлама! Құдаңды құдай алмайды, кейінірек шақыра жатарсың… Ертең, не жасаймын әлгі … немене еді, тілімнің ұшында тұр құрығыр… -Әй! — деп, жылы пештің түбінде, сілесі қата шаршағандықтан ұйықтап қалған Келімбетін кекілінен тартып, оятып алды:
— Әй, әнеукүні, телебізірдің ләмпешкесі күйіп кетпей тұрғанда көрсеткен әнебір базардың аты қалай еді? Әлгі бір, балғамен үстел тоқпақтайтын базарды айтамын …
Шала ұйқыдан көзі кілегейленіп, кекілі үрпиген Келімбет, өзіне — өзі келіп, көкесіне не керек екенін анық ұққанынша сүт пісірім уақыт өтті: — А… а…аукцион ғой — деді баласы, тәтті ұйқысының бұзылғанына шала бүлініп.
— Иә, иә, әуіксион… Ертең сол, әуіксионыңды жасайын деп отырмын -деді еркегі, пештің үстінде тұрған шелектегі ыстық суды алуға ерініп, қалғый-мүлгій, ыдыс-аяқтарын етегімен құрғақтай сүртіп отырған әйеліне қарап …
Ертеңінде,тайлы-аяқтысы қалмай түгел жиналған ауылдастарының алдына үйеме табақ етпен бірге, қатырма қағаздан жасалған бір қорапты қоса қойды. Тасқа басылған шимай-шатпақ жазуына қарап, импортный,шет елден келген дүние ме деп те қаласың …
— Ау, ағайын-деді Келімбеттің көкесі, абыр — дабыр басылып, жұрт енді етке бас қойғанда ау, ағайын, телебізір көресіңдер, кәзит оқисыңдар, сондықтан да, бәрің де білетін боларсыңдар, мәдениеті өте жоғары жерлерде «әуіксион» деген базардың барын …
— Не айтып кетті-ей, мынау …
— Әуіксион дейді?!
— Ойбай, бетім!-деп, бетін шымши берген қара кемпірдің қолы май екен, жылп-жылп етіп, бетін шымшый алмай әуреге түсті де қалды …
— Е,аукцион ғой-деді, ортан жілікті опыра жаздап, құшырлана мүжіп отырған Оңласынның оныншы сыныпты бітірген баласы. Осы бала ғана орталыққа, одан да ары, ауданға басқаларға қарағанда жиірек барып тұратын. Өзі, газет оқығыш-ақ …
— Е, аукцион ғой, білемін, жақында ғана Мәскеуде «Волга» Газ-24 жеңіл машинаны жүз он бір мың сомға сатты, аукционда …
— Астапыралла! Жүз мың дейді?!
— О, жасаған, өзің жар бола көр! …
— Соншама мол ақша бір адамның қалтасында болғаны ма? — Баяғыда… Керенскийдің ақшасы кезінде…
— Ал, біледі екенсіңдер, сол әуіксионды дәл қазір мен ұйымдастырайын деп отырмын … Мына қорапты көрдіңдер ме, ішіндегісі таптырмайтын деписит зат. Көргендерің талып қалыңдар, ақшалыларың алып қалыңдар! Алғашқы бағасы-он бес теңге, он бес-ақ сом!
— Ау, әуіксион болғанда … қалай болды өзі?! — Үйден ақша алмай шығып кетіп едім … — Жаман қатты ақшалы едің, жүдә …
— Ойбай -ау, бетім-ау, Күлғайшаның апасы-ау … … Ерігіп отырған ел елеңдесе бастады. Кейбіреуін құмарпаздықтың желігі қысып, тіпті, еліруге айналды … — Шуламаңдар, түге! Ақшаларың жоқ болса, ауыл арасы ғой, кейін ала жатармыз. Я болмаса, бағасын шамалап тоқты-торым бере жатарсыңдар… Ал, қане, он бес сом … Бес-он теңге асыра алар кімің бар? Үшке дейін санаймын … Рас … дуа …
Ентелей келіп қалған Ерімбеттің құлақшынының құлақтары ербең-ербең етті …
— Ерекең ер-ақ екен, жиырма сом беріп отыр! Ау, ағайын, асыра сілтер қайысың барсың? Ал, санаймын, рас …дуа …
Сары шал, үйелеп қалған екен, орнынан сиырқұймашақтанып тұра алмай жатыр. Молырақ қып асап алған қойдыңқұйрық майын ана ұртынан мына ұртынақарай жүгіртіп жіберіп:
— Отыж шом!-деді сақаулана сөйлеп. Аптықаннан аузындағысын шайнамай жұтып жіберіп еді, көзі алая и-их!-деп барып түйіле дем алды да: — Отыз сом!-деп айқайлады — Үйде, бір аяғы ақсақ шыбыш бар еді, соны аларсың отыз сомға бағалап …
— Шыбышың не-ей! — деп, шыж-быж болды шынашақтай ғана Шынтай шал-Шыбышыңды шыжбаңдатпай ары тұр, әрі … Мен тоқты атайын деп отырмын, тоқтые…е…
— Пенсияға қарайсыңдар ма, арғы күні алушы едім-деген Шөмішкүл кемпірдің сөзін дабырласқан жұрт естіртпей қойды …
— Балтай-шалтайды қойыңдар, әкел бері қорапты, мен саулық қой беремін!-деп күжілдеді, бұзылған трәктірдің дауысындай бар-бар еткен дауысымен Дәулетбай дәу.
— Құнан қой беремін! — деді баппен, бағанадан бері тоқтының бас сүйегін айналдырып отырған Құнапия, миын шұқып жеп болып, енді, екі көздің ой-шұңқырында тіске ілігер ештеңе қалмады ма екен деп шұқшия қарап отырған қалпы … …Абыр-дабыр су сепкендей басылды … Бітті … Тым-тырыс … Қалған жұрттың қораптағы беймәлім затты сатып алу үшін құнан өгіз атауға батылдары бармады-ау деймін … Мүмкін, жоқ та шығар, құнан өгізі құрығыр … Бәрінің аузы аңқиып Құнапияға, Құнапияның қолындағы қорапқа қарап қалыпты … …
Құнекең де маңғаз ғой шіркін… Сабазың, қолының майын асықпай отырып, қонышынасүртті. Сосын, қыяқтай мұртын баппен сылады. Сирек-сирек сарғыш тістерінің арасына тұрып қалған ет-метті тазалай бастады … Тобылғыдан жасалған тіс шұқығышын әдемілеп тұрып бет орамалына орап, төсқалтасына мұқияттап салып қойды … Жұрттың шыдамы әбден шырқау шегіне жеткен кезде барып, сиқырлы қорап сықыр етіп, ашылып кетті …
Сол-ақ екен, қораптың ішінен күйеуімен оңаша қалар алғашқы түннен жүрексінген жас келіншектің көз жасындай мөп-мөлдір сұйыққа толы шыны шөлмек, сығырая бастаған электр шамының жарығымен әлсіз ғана жарқ етіп, ұяла жымиып шыға келді … … Электр шамы демекші, сағат түнгі он екі болып қалған ба? Ойбай-ау, Омарқұлдың бір ернеуі кетік әйдік қырлы стақанды қолына қыса ұстай, Құнапия құрдасына қарай ентіге ентелей ұмтылғанында бір «гәп» бар екен ғой …
Әне, «жалп» етті де жоқ болды … Электр жарығын айтамын … Май шам жағыңдар! … Май жоқ… Шам да жоқ … Керосин дейді?! Керосин деписит болғалы қашан…Тек-ей, бұл не қылған шу? Е-е, бөтелкедегіні бөлісіп жатыр екен ғой… Одан ары не болғанын кейін, электр шамы жанған кезде жазармын… Қазір қараңғы ғой…
Қыдыр БАЙДҮЙСЕН,
«Жусан иісі» республикалық әдеби байқауының жүлдегері, Текелі қаласы.