«Құлагер» — осы күнге дейін болып келген поэмамыздың ең бір асыл, ең кесек қазынасының бірі екені талассыз. Бұл — поэмамыздың кең жоталы, мықты бел асыратын бір сатысы. Бұл поэма — қазақ совет поэзиясының кең дәуірінің өлмейтін алтын ескерткіштерінің бірі.
«Құлагер» – жай ғана поэма емес. Бұл бүкіл Ұлы Даланы, тау мен өзенді, орман мен көлді қамтитын тарихи туынды. Поэмада көптеген кейіпкерлер – барлық рулар мен әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Сонымен қатар «Құлагерде» халықтың тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті, өнері, психологиясы туралы мәліметтер де бар. Сөз құдіреті жағынан бұл поэманы Абайдың таңдаулы шығармаларымен салыстыруға болады. Моцартты Сальери уландырса, Құлагерді көреалмаушылар өлтірді, осылай талантты Ілияс Жансүгіровке де арам пиғылдылар жала жапты. «Құлагер» поэмасы қазақ әдебиетінің алтын қорына заңды түрде енді.
Бұл поэма – ақынның ең соңғы шығармаларының бірі. Ақынның толысып, кемеліне келген шағында үлкен шабытпен жазған дүниесі. Ілиясты заманның әділетсіздігіне төзе алмай, соңында дәрменсіз қалған Ақан серінің сұрапыл өмірі қызықтыра түседі. «Тұсымда сері болсын, пері болсын, ұнайды өмірімен Ақан маған» деп Ақанға деген ілтипатын ашық айтады. Тәтті әндерімен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Ақан және оның жан серігі болған Құлагер бейнесі поэмада шебер суреттелеген.
Ақан – ХХ ғасырдың бас кезіңде дүние салған, Құлагердей жүйрік, тұла бойын өнер кернеген, өнер иесі болған, арманда кеткен адам. Ақанның жан серігі, әрі қуанышы болған, Ілиястың өз сөзімен айтқанда:
Жары да, жолдасы да, тек біреу-ақ,
Онысы астындағы жалғаз аты.
Ол – Құлагер. Тұлпардың трагедиясымен Ақан өмірін тұжырымдауға болады. Өйткені, жалғыз қалған жан серігі Құлагер өлгенен кейін Ақан өмірі де суала бастайды, өмірдің барлық құбылысынан жеріген сері жалғыздықпен жүріп, өмір азабын тарта жүріп дүние салады. Құлагердің өлімінен әлеуметтік теңсіздікті, зұлымдық пен арамдықты көреміз.
Қыспақ жол, Жыландының жырасында
Қақтығып бір-біріне ат тығылды,
Сап етіп бердеңкедей кеп ұрынды,
Жанасып Құлагерге қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды….
Шапшып қан шекесінен шыр айналды,
Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.
Шынымен кеткенің бе, Құлагерім!
Қасымда қасынысып тұрар едің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым!
Басылар өлгенімше қайтіп шерім?!
Халық сүйген өнер иелерінің қай-қайсысы болса да, ол заманда Ақан трагедиясындай тағдырға душар болғаны анық. Ілияс бұл поэмасында Ақан бойынан замана, өмір туралы көкірегі қарс айырылып, аһ ұрып зарланып, жалғыздықтың тақсіретін тартып, өткен ақындар – Лермонтов, Пушкинмен де арасы ұқсас, бір жақындық табады. Ақан серінің де, Лермонтов пен Пушкиннің де өз ортасында көңілі толмаған жандар екендігіне назар аударады. Ақан серінің басынан өткен оқиғалары сол кездегі заман сырларын ашып берерліктей шығармаға дайын сюжет сияқты еді. Өйткені, Ақан серінің өмірі сол заманның қыртысы көп күңгірт жағын анық байқататын, Ақан таргедиясы тар заманда қапа шеккен халық трагедиясы еді. Әдемілік пен сұлулықтың идеалы болған, сол арманына жету үшін күрескен кеудесі асыл күйлер, нұрлы сөздер қоймасындай, әнші, композитор, ақын Ақан өмірі Ілиясты қатты қызықтырып, тебіренткен.
Поэма тұңғыш рет 1936 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше санында жарық көрген. Аласапыран заманның құрбаны болған ақынымыздың 1935 жылы «Құлагері» жарияланған «Социалистік Қазақстан» газетін марқұм Сапарғали Бегалин қиын қыстау кезеңде 20 жыл бойы жастығының ішінде жасырып келіпті. Сол сақталған алтын қазына — музей қорындағы құнды экспонаттың бірі. Поэма ақын ақталғаннан кейін, 1957 жылы «Жұлдыз» журналының бірнеше сандарында жарияланып, шығармалар жинағына еніп келеді.
Музейімізде І. Жансүгіровтің 1936 жылы жазылған «Құлагер» поэмасына арналып, 2011 жылы жасалған «Құлагердің опат болуы» атты диорамасы қойылған. Авторы, жергілікті суретші — Абдрасилов Ерғали. Бұдан бөлек 2016 жылы германиялық аудармашы Герт Хайденрайх поэманы неміс тіліне аударып, «Ал енді ақиқатын айтсам, мен «Құлагерді» қазақтардан қатты қызғандым. Өйткені, ол Шекспир шедеврлері деңгейінде шебер жазылған дүние!» деп жоғары бағасын берген. Сонымен қатар музей қорында Құлагер поэмасының ағылшын, орыс тіліне аударылған нұсқалары да бар. Тағы бір жағымды жаңалық, Германияның «Büchergilde» баспасынан шыққан «Das Lied von Kulager» поэмасын жексенбі сайын автор тыңдарманның құлақ құрышын қандырғандай қоңыр дауысымен Бавария радиосынан оқиды екен. Бұл дегеніміз әлем «Құлагерді» танып жатыр деуге толық негіз береді.
Қорытындылай келе, «Құлагер» поэмасы – қазақтың дарынды әншісі Ақан сері өмірінің трагедиялық тұсын шынайы суреттеу арқылы сол кезеңдегі замана шындығын, рухани дағдарысқа ұшыраған адамдар бейнесін толық аша білген ауқымды туынды. Осындай шығарманың туындауына себепкер болған поэзия Құлагері, оң қолынан өнер тамған шебер ақын Ілияс Жансүгіровты халық ешқашанда ұмытпақ емес.
Құнанбайқызы Аида
І.Жансүгіров әдеби музейінің
аға ғылыми қызметкері





























