«Ақынның ұрпақтары жайлы бірер сөз…»

208

Ілияс Жансүгіров – Қапал-Ақсу атырабының ғана емес, күллі Жетісу өлкесі мен алты алаштың мақтанышына айналған біртуар тұлға, ұлттық мәдениетімізде орны бөлек, қайталанбас ақын. Оның бүкіл елге танылуы – туған жерінің қасиетті топырағы мен өскен ортасының рухани әлеуетіне тікелей байланысты. Жетісудың көркем табиғаты мен құнарлы топырағы, сондай-ақ Қапал уезінің Ақсу болыстығында қоныстанған елдің өнерге жақын салты ақынның қалыптасуына ерекше ықпал етті.

Ілияс анасынан ерте жетім қалып, әкесі Жансүгір мен атасы Берсүгірдің тәлімін көрді. Екеуі де өнерге бейім жандар еді. Әкесінен хат таныған Ілияс кейін Мамания мектебінде білімін жалғастырып, рухани кемелденген тұлға болып қалыптасты.

Суреткер ақын төрт рет шаңырақ көтерген. Бірінші әйелі – Жәмила. Жергілікті байдың қызын Ілиясқа әкесі айттырыпты. Алайда екі жастың отбасылық ғұмыры ұзаққа созылмады. Бұл некеден бала жоқ.

Белтоған ауыл мектебінде сабақ беріп жүрген кезінде, екінші жары Аманшаны кездестіреді. Ілияс Мәскеуге оқуға аттанғанда, Аманша жүкті болған. Бірақ, әйелдің денсаулығы сыр беріп, толғақ кезінде дүние салған. Суыт хабар ақынға жетпеген. Кезекті бір оқу демалысында Ілияс сыйлығын алып, ауылына жол тартады. Жолшыбай Алматыдағы жолдастарымен жолыққан. Сол жерде достары оған Аманшаның дүние салғанын естіртеді. Жан жарының қазасы ақынға ауыр тиген.

Аманшадан кейін Ілияс Жансүгіров Батима Төребаевамен танысады. Батима Ілиястан он сегіз жас кіші болған деседі. 1930 жылы 21 ақпанда ақынның тұңғыш ұлы Саят дүние есігін ашты.

«Әкем Ілияс зор тұлғалы, балуан денелі кісі болатын. Отбасында кішігірім отырыстар болып, қонақтар келгенде әкем жанға жайлы қоңыр даусымен домбыра тартып, ән салатын. Алматы қаласындағы Төлебаев көшесінің бойында орналасқан шағын үйде әкем Ілияс Жансүгіров, анамыз Батима Төребаева, қарындасым Сайра төртеуміз және атамыз Жансүгір бәріміз бірге тұрғанбыз», — деп еске алған еді Саят Жансүгіров сұқбаттарының бірінде.

Ілияс Жансүгіровтің тұңғышы Саят Ілиясұлы  Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтын бітіріп, жоғары білімді тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. ҚР еңбек сіңірген геолог, ұлт әдебиеті мен тарихының жанашыры.

Саят Жансүгіров  әкесі Ілиястың  жазбаларын қазақ тілінен орыс тіліне аударып, баспа беттеріне жариялады. Ол әдебиет саласына кеш келді.Тау кен институтында лобараторияда қызмет етіп, ғылым кандидаты болып, зейнетке шыққаннан соң, қолына қалам алып, әкесі туралы естеліктер жазуды бастады. Әкесінің өтірік өлеңдерінің бір шоғырын аударды. Одан басқа, әкесі  туралы жазылған мақалаларды да орыс тіліне аударып, авторымен бірге орыс тілді басылымдарда жариялады. Техника ғылымдарының кандидаты Саят Жансүгіров 91 жасына қараған шағында өмірден озды.

Тұңғыштарынан кейін Сайра есімді қыз өмірге келді. Сәби көп ұзамай шетінеп кетті. Ерлі-зайыптының шаңырағы ұзаққа бармай, 1932 жылы Ілияс пен Батима ажырасып кетеді.

Ақын төртінші рет қоғам қайраткері Біләл Сүлеевтің бұрынғы әйелі Фатима Ғабитовамен отау құрады. Ілияс Фатимаға бұрыннан ғашық болыпты. Жансүгіров Біләл Сүлеевтің балаларын асырап, оларды сүйіп тәрбиелеген. 1933 жылы Ілияс пен Фатиманың қызы Үміт Жансүгірова дүниеге келді.  1935 жылы Ильфа Жансүгірова, ал 1937 жылдың 16 қарашасында Болат Ілиясұлы Ғабитов туған. Фатима Ғабитова мен Ілияс Жансүгіров бес-ақ жыл отасты.

Үміт Ілиясқызы 1933 жылы дүниеге келген. Дәрігер, әкесінің музейін ұйымдастырушы, Ілияс Жансүгіровтің мерейтойларының өтуіне, кітаптарының жарық көруіне, шығармаларын насихаттауға үлкен еңбек сіңірген. Ілиястың «Үмітке» атты өлеңі  осы қызына арналған.

Ильфа Ілиясқызы Жансүгірова-Жандосова 1935 жылы дүниеге келген. Педагог, көп жылдар бойы мұғалімдік қызмет атқарған.  «Ілияс Жансүгіров» қоғамдық қорын басқарған.  «22 жасыма толғанша, әкемнің кім екенін білмедім. Анамыз Фатима Ғабитова әкемізді сұрасақ, «журналист болып істеді, сосын қамауға алынды, атылып кетті» дейді. Одан басқа әкеміз туралы ешнәрсе білмедік. Не кітаптарын, не жазған өлеңдерін де оқымадық. Ол уақытта қиын заман еді. Әкеміз туралы біреуге бір нәрсе айтып қалсақ, онда өзімізді түрмеге қамайтын заман еді», — деп еске алған еді қаламгердің қызы Ильфа Ілиясқызы.

Болат Ілиясұлы Ғабитов-Жансүгіров 1937 жылы қараша айында дүниеге келген. ҚазМУ-дің геология география факультетіне оқуға тсүеді. Алайда, ол әке жолын қуып, қалам тербеткен соң, техникалық мамандықтан кейін Мәскеуге оқуға кетеді. Горький атындағы әдебиет институтында оқып, дипломдық жұмысының алғашқы бөлімінде әкесінің «Жолдастар» атты әңгімесін қарастырады. Мамандығы кинорежиссер.

Жетісуымыздың дүл-дүл ақынының негізгі ұрпақтары қазіргі таңда қайтыс болған.  Немере, шөберелері ақын жолын жалғастырып келеді. Соның бірі Ильфа Ілиясқызының қызы – Дина Алдабергенова. Қазіргі таңда көптеген әндердің, өлеңдердің авторы. Ақынның шөбересі Юлия Бруковская да атасының жолын қуған ақын. Көбіне орыс тілінде өлең жинақтары жарық көрген.

Қорытындылай келе, музей ұжымы үшін ұлы тұлғанының ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынас жасап, байланыс орнату – үлкен құрмет әрі парыз. Бұдан бөлек Ілияс Жансүгіров әдеби музейінде ақынның ұрпақтарына арналған арнайы экспозициялар бар. Онда ақын балаларының өздері қолданған жеке заттары,  суреттері, естелік жәдігерлері қойылған. Ақын ұрпақтары да музейімізге келіп, өз ізгі тілектері мен баталарын беріп отырады.

Көзі тірісінде Саят Ілиясұлы жыл сайынғы «Жансүгіров тағылымы» фестиваліне қатысып, ат басын бұрып, арнайы музейімізге келіп, әкесінің рухына тағзым ететін.

Саят Жансүгіров пен  Хорватиядан арнайы келген немересі
Резеда  Павасович  музейімізде қонақ болған кезден сурет

Сонымен, ақын Ілиястың отбасына, балаларына деген сүйіспеншілігі ерекше болды. Өзінің ақындық шеберлігін отбасы арқылы таныта білді десек артық болмас. Тіпті балаларына арнап өлеңдер шығарды. Ұрпақтары да білімді, үлгі тұтар азамат пен азаматшалар болып қалыптасты, қоғамға өз үлестерін қосып, Ілияс Жансүгіровтің есімін халық жадында мәңгі сақталып қалуына әсер етті.

 Құнанбайқызы Аида
І.Жансүгіров әдеби музейінің
 аға ғылыми қызметкері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз